Көлік және жолдар

Жол жөнделіп жатыр

Тағы көше кеңейтіліп жатыр. Қазір жолдың ені 6 метр болса, алдағы уақытта 9 метрге ұлғаймақ.

Ғали Әбдірешев – Петропавл қалалық ТКШ, жолаушылар тасымалы және автокөлік жолдары бөлімі секторы меңгерушісінің міндетін атқарушы:


–  Жуков көшесінде жұмыстар тамызда басталған болатын. Толық жөндеу шараларын қазан айында аяқтау көзделген. Мердігер – «Құрылыс Сервис» компаниясы 1,5 шақырым жолды жөндемек. Жалпы айта кету керек, биыл жазғы уақытта қаланы жөндеуге 650 млн теңге қаржы бөлінген соның арқасында 8 көшеде 7,6 шақырым жол жөндеу көрді. Енді міне, тағы қосымша 2 млрд теңге бағытталып отыр.

Қосымша бөлінген қаржыға тағы 18 көшеде жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Сөйтіп, тағы 30 шақырымға жуық жол қалыпқа келмек. Солардың бірі – Жәлел Қизатов көшесі бойындағы жаяу жүргіншілер жолы. Биыл оған асфальт төселген.

Мағжан Ахмадина – тілші:


– Ал Набережная көшесінде жөндеу жұмыстарын «Дорожник ашық аспан» серіктестігі жүргізіп жатыр. Олар шаруаға кеше кіріскен. 10-ға жуық техника осыған дейін шұрық-тесік болған жолды қалыпқа келтіруде.

Олар жалпы ұзындығы 1 шақырымнан астам жолды жөндеп жатыр. Ал көлік те, кісі де үнемі ағылып жүретін орталық базар маңында осыған дейін темір тұлпарды қою мүмкін болмайтын. Енді міне, Тоқсан би көшесі кеңейтіліп, жаяу жүргіншілер жүретін жолға асфальт төселген. Қалада болып жатқан мұндай ауқымды жөндеу шаралары тұрғындардың да көңілінен шығып отыр. Көшелер жабылып қозғалыс кезінде қиындықтар туындап жатса да, халық өзгерістерге риза.

– Көшеміздің жөнделгені жақсы болды. Әйтпесе, бұрын шұрық-тесік еді. Қуанып қалдық.

– Көлікпен жиі жүремін. Сондықтан жолдың жөнделгені әрине біздер үшін жақсы. Әр тесікті айналмай, енді діттеген жеріңе аялдамай барасың. Бұл қаланың да көркін аша түсті

– Бұрын көлікті жөндеуге қаржы көп кететін. Енді жол жөнделсе, темір тұлпарымыз азырақ сынатын шығар. Ризамыз.

Алдағы жылы тағы Береке шағын ауданындағы 4 көше кеңейтілмек. Қиыршық тас төсеу жұмыстары да қарқын алған.

Ғали Әбдірешев – Петропавл қалалық ТКШ, жолаушылар тасымалы және автокөлік жолдары бөлімі секторы меңгерушісінің міндетін атқарушы:

 


–  Биыл тағы көшелерге қиыршық тас төсеуге 336 млн теңге қаржы бөлінді. Бүгіндері аталған шаруа 85 көшеде аяқталды. Ол 35 шақырым жол. Бұл бағыттағы шаралар әрі қарай да жалғасын табады.

Айта кету керек, шаһарда тағы 19 көше қиылысында жаңа бағдаршам орнатылып, 88 жаңа аялдама тұрғызылатын болады.

Магжан Ахмадина