МТРА жаңалықтары

Солтүстікқазақстандық 30 жас әскер қатарына алынды

Мақсат Мұқанов – СҚО қорғаныс істері жөніндегі департаменті бастығының орынбасары:

– Жігіттер шілде айынан бастап тексерістен өтті. Жас сарбаздар Алматы облысына қарасты Шонжы елді мекеніндегі 2435 әскери бөлімінде қызмет атқаратын болады.

Әскерге аттанатын жігіттердің бірі – Айдархан Ағыбай. Азамат бір ай бұрын 22 жасқа толған. Биыл жоғарғы оқу орнын тәмамдапты. Енді, Отан алдындағы борышын өтеуге аттанғалы отыр.

Айдархан Ағыбай – әскерге шақырылушы:

– Әр ұл бала Отан алдында қызмет атқаруы тиіс. Осы азаматтық борышымды өтеу үшін әскерге аттанғалы отырмын.

Болашақ сарбаздарды ата-аналары мен туған-туыстары шығарып салуға келіпті. Олар бауыр еті балаларының көп кешікпей орталарына оралуын қалайды.

Нұрман Адраков:


– Інімнің баласы әскерге кетіп барады. Жолдары ақ болсын.

Салтанатты шара соңы шағын концертке ұласты. Әскерге шақырылушылар мен жиналғандарға арнап жергілікті өнерпаздар ән салды.

Айта кетейік, күзгі әскерге шақыру науқаны қыркүйек айынан бастау алып отыр. Бүгінгі күнге дейін 100 бозбала міндеттерін өтеуге аттанған. Желтоқсан айына дейін тағы 600-ден аса жерлесіміз еліміздің күш құрылымдары қатарына қосылмақ.

 

Култанов Байболат