Мәдениет

Солтүстік Қазақстан облыстық филармониясы 53-і концерттік маусымын ашты

Облыстық филармонияда өнер жолын жаңа бастап жатқан дарын иелерінің қатары қалың. Болашақ жұлдыздарды халық тыңдап, баға беруі тиіс. Сондықтан болар, 53-і концерттік маусымды ашу жас әншілердің еншісіне бұйырған.

Мұхит Ахметов, СҚО филармониясының әртісі:

 


– Концерттік маусымды әр ұжым өзі ашып жатыр. Сол себепті біздің әншілер де жай қарап қалмасын дедік. Биылдан бастап осындай тәжірибені қолға алып жатрмыз.

Мәдени шарада көрермендер үшін өнер ошағының ең жас әртістері әуелете ән шырқап, мың бұрала биледі. Солардың бірі Бүркіт Жанай. Жуырда республикалық “Жас Қанат” байқауынан жүлдемен оралған күміс көмей әншіге Қызылжар аудандық мәдениет басқармасы білім беру грантын табыстады. Енді болашағы зор жас дарын елордадағы музыка академиясында білім алатын болады.

Бүркіт Жанай, СҚО филармонисының әртісі:

 


– Бір ай бұрын Астана қаласында “Жас қанат” сайысына қатысып, екінші орын иелендім. Бұл сонау 80-ші жылдардан келе жатқан үлкен фестиваль. Еліміздің 14 облысынан қатысты.

Концертте шырқалған композициялардың жанрлары әр алуан: дәстүрлі әндерден бастап шетелдік поп-музыкаға дейін. Өнер сүйер қала тұрғындарын тәнті еткендердің бірі-халықаралық “Детская новая волна” байқауының лауреаты Әмина Жапар.

Бұл өңіріміздің бас өнер ошағы ұсынған тек алғашқы концерт. Мәдени шаралар легі әлі жалғасын таппақ. Қыркүйектің 23-і филармонияның концерт залында “Қызылжар” ансамблі өнер көрсетеді.

Саят Ермек