МТРА жаңалықтары

СҚО әкімі Құмар Ақсақалов жұмыс сапарымен Тимирязев ауданында болды

Аймақ басшысының халықпен кездесуі нақ осы ғимаратта өтті. Құмар Ақсақалов күзгі орақ науқаны аяқталуға шақ қалғанын жеткізді. Бүгінде дәнді дақылдардың – 70, майлы дақылдардың 50 пайызы жиналды. Бұл істі уақытылы атқару үшін аграрийлер мемлекеттен тиісті көмекті алды. Бірақ, басты сұрақ – бұл қаржы қайда жұмсалды? Өйткені, ауылдың әлеуметтік жағдай сол күйінде қалып отыр.

Ербол Сағдиев – Тимирязев ауданының әкімі:


–  Күнкөріс деңгейі орташадан төмен. Экономикалық көрсеткіштер де көңіл көншітпейді. Алайда, округтің географиялық орналасуы өте ыңғайлы, жол бар, климат та жақсы. Мұнда біз өсіретін өнімді 2-3 есеге арттыруға болады.

Дмитриевка селолық округінде 3 серіктестік жұмыс істейді. Соның бірі -“ҚазАстықӨнімдері”. Агроқұрылым түрлі дақылдарды 3 мың гектардан астам алқапта өсіреді. Берекелік жақсы. Алғашқы уақытта гектарына 20 центнерден өнім алыныпты. Дегенмен де мал шаруашылығы ақсап тұр мұнда. Қазір серіктестік иелігінде 360 ірі қара бар.

Арыслан Шаяхметов – “ҚазАстықӨнімдері” ЖШС директоры, Тимирязев ауданы:

– Бізде мал бағатын жер жоқ. Жайылымдық алқап тек 300 гектар ғана.

Шаруашылық майлы дақыл екпейді екен. Бұл ырыздық түрін өсірген жағдайда еңбеккерлердің жалақысын арттыруға септігін тигізер еді. Қазір мұнда жұмысшылар 59 мың теңге ғана айлық алады.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:


–  Сіздер мемлекеттен 4 млн теңге көмек алдыңыздар. Төленген салық 800 мың теңге ғана. Сонда, мемлекет үлестірген ақшаға салықты да, жалақыны да бересіздер. Оған қоса қаражат қалады. Бұл адамдар бюджеттік сала қызметкерлері болмаса да оларды үкімет асырап отыр. Ал сіз сонда не бітіріп жатырсыз?

Бизнесті дамыту бойынша алдағы уақытта нақты жоспар жоқ. Яғни, ауылға да көмек тимейді. Ал, жуырда ашылған “Каршалов” жеке кәсіпкерлігі келер жылы қандай іс тындыратындықтарын біледі. Биыл кәсіпкер көкөніс өсіруді қолға алған. Ісі өрге домалауда.

Ален Каршалов – “Каршалов” ЖК директоры, Тимириязев ауданы:


–  Картоп жинап жатырмыз. Берекелік жақсы. Қияр, орамжапырақты жинап алдық. Өнімді “Атамекен-агро” серіктестігінің асханасына өткіземіз және халыққа сатамыз. Мен тұрғындарды кооператив құруға шақырамын. Картоп сатуға өзім көмектесемін.

Дмитриевский селолық округіне қарағанда Москворецкий елді мекенінің жағдайы жақсы. Мұнда дәл осындай атаумен жалғыз серіктестік бар. Артылған теңге ауылдың көркеюіне жұмсалады. Жастардың демалуына арналған орын салынуда. Оған 25 млн теңге қаражат бағытталған. Ал, компанияның үздік жұмысшыларына арнап биылдан бастап баспана тұрғызылуда.

Болат Дюсембаев – “Москворецкое” ЖШС директоры, Тимириязев ауданы:

– Биыл келісім шарт бойынша екі қорап қоюымыз керек. Алған субсидияны механизаторларымызға, ауылды көркейтуге бағыттадық. Келер жылы тағы 4 қорап қоймақпыз. Ақшаны халыққа жұмсаймыз. Олар мемлекеттің қолдауын көрулері керек.

Есептік кездесуде тұрғындар айтарлықтай мәселе қозғаған жоқ. Әңгіме көбіне елер жылдың жоспары төңірегінде өрбіді.

Болат Дюсембаев – “Москворецкое” ЖШС директоры, Тимириязев ауданы:

– Алдағы уақытта бұршақ тұқымдас дақылдарды қолға аламыз. Бұрындары тек бидай сепкенбіз. Қазір майлы дақылдар да бар. Бірақ, бір мәселе туындап отыр. Мал жайылатын табиғи жерлер жоқ. Азықты қолдан өсіреміз.

Жоспарда мал шаруашылығын дамытып, қайта өңдейтін кәсіпорын ашу бар. Бірақ, бір мәселе – судың жоқтығы. Бұны жергілікті билік шешеміз деп уәде етті.

Ербол Сағдиев – Тимирязев ауданының әкімі:


–  Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында сыйымдылығы 200-230 текше метрлік жинақтағыштың жобасын жасауға болады. Бұл қомақты қаржыны талап етпейді. Есесіне сіздерде тәулік бойы су болады.

Жиын соңында аймақ басшысы Құмар Ақсақалов аграрийлер алдына бірқатар тапсырмалар жүктеді. Ол – көпжылдық және біржылдық шөптер мен майлы дақылдардың алқабын екі есеге ұлғайту, еңбеккерлердің жалақысын арттыру.

 

Риат Шони