МТРА жаңалықтары

Облыс орталығына Ресей Федерациясының Қорған облысынан делегация келді

Владимир Уфимцев Петропавл қаласымен жақсы таныс. Бұған себеп шекаралас екі аймақ орнатқан тығыз әріптестік қарым-қатынас дейді ол. Теріскейге ат басын бұрудағы мақсат – жергілікті тұрғындарды қорғандықтардың шығармашылығымен жіті таныстыру.

Владимир Уфимцев, Зауралье халықтарының ассамблеясы кеңесінің төрағасы, Қорған қаласы, РФ:

– Біз Қорған облысындағы түркі және славян халықтарының өмірі жайлы айтпақпыз. Бізбен бірге Ресейдің халық суретшісі Герман Травников та келді. Қылқалам шебері Қазақстанның пейзаждарын көп бейнелеген. Арнайы альбомы да бар.

Облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы өкілдері көршілес елден келген қонақтарды алдағы уақытта Қазақстанды күтіп тұрған жаңашылдықтармен де таныстырды. Солардың бірі – қазақ әліпбиінің латын графикасына көшуі.

Гүлбақша Мұсабаева, “Urpaq” қазақ мәдени-ағартушылық орталығының төрайымы:

 


– Латын графикасы – әлемдегі көне ғаріптердің бірі. Бұл таңбалардың негізінде ағылшын, француз, неміс тілдері жатыр. Сондықтан, жаһандану жағдайында дамыған ірі мемлекеттердің қатарына кіру үшін қазақ жазбасын латын графикасына ауыстыру орынды деп санаймын.

Қорғандықтар бұл бастаманы қолдауда. Делегация мүшелерінің айтуынша, уақыт талабынан туындап отырған бұл қадам Қазақстан алдында жаңа мүмкіндіктер ашады. Кейін меймандар облыс орталығының көрікті жерлерін аралап, қала музейлеріне, достық үйіне және М. Қозыбаев атындағы СҚМУ-ға бас сұқты.

Саят Ермек