МТРА жаңалықтары

Облыс әкімі жұмыс сапарымен Ғ.Мүсірепов ауданында болды

Көптен күткен пәтер кілтін бүгін 5 адам алды. Олар – “Жаппай нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту” бағдарламасының қатысушылары. Бұл баспаналар жалға берілуде. Пәтер иелері оны тек 5 жылдан кейін сатып ала алады.

Нұрлан Темірғалиев – Ғ.Мүсірепов ауданының халықты жұмыспен қамту орталығының директоры:

– Бұл пәтерлерге біздің орталық арқылы жұмысқа орналасқандар, қайта даярлаудан өткендер ие болды. Баспана иесі атану үшін тұрғындар бізге өтініш береді. Енді азаматтар айына орташа есеппен алғанда 5 мың теңгеден төлейтін болады.

Бұл – Ғ.Мүсірепов ауданында мемлекеттік бағдарлама бойынша салынған алғашқы баспана. Тұрғындарды жаңа қоныстарымен құттықтаған өңір жетекшісі Құмар Ақсақалов биыл облыста 1 мың пәтер қолданысқа берілетіндігін жеткізді.

Кұмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

Бұрындары 1 мың пәтерді тапсыру үшін ұзақ уақыт кететін. Ал қазір бір жылдың ішінде салып отырмыз.

Бұдан соң аймақ басшысы тұрғындарға пәтер кілттерін табыстады. Қуанышқа кенелгендердің арасында Амангелді Дәріпханның отбасысы бар. Олар осыдан бір апта бұрын жұбайы және 5 баласымен бірге Алматы облысынан теріскейге көшіп келіпті.

Амангелді Дәріпхан 0248

Мен ауданда қобызшы болып жұмыс істеймін. Ауданның үмітін ақтаймын деп ойлаймын.

Ал, мынау – Нежинка селосындағы шығармашылық үйі. Мұнда балаларға арналған сурет салу үйірмесі жұмыс істейді, қуыршақ театры бар. Алдағы уақытта шет тілдері мен спорттық секциялар ашылмақ. Бірақ, педагогтар жоқ екен. Бұл нысанды қайта жаңғыртып, үйірмелерді ашуға “Нежинка-Ерке” серіктестігі көмектесіпті. Ғимарат қасында үлкен жылыжай бар. Ол шыны әйнектен 6 жыл бұрын салынған. Құрылысқа 147 мың шөлмек кеткен. Нысан ішіне жылу тартылып, көкөніс өсірілуде.
Жылыжайдың жанындағы 2 гектар аумаққа орамжапырақ, сәбіз, картоп егілген. Жинап алынған барлық өнім оқушылардың тамақтануына жұмсалады екен.
Жалпы Нежинка орта мектебінде 168 бала оқиды. Білім ошағында барлық жағдай жасалынған. Тек нысанға су өткізгіш құбыр тартылмаған және ғимарат жөндеуді талап етеді.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Шаруа қожалығы мардымды істер атқарып, жағдай жасауда. Біз өз тарапымыздан ғимаратты жөндеуге көмектесеміз. Келер жылға жобалық-сметалық құжаттама әзірлеңіздер.

Ал, мұнда үлкен құрылыс жүріп жатыр. “Нежинка-Ерке” серіктестігі ескі екі қабатты нысанды қайта жаңғыртуда. Бұндағы пәтерлерге алдағы уақытта шаруашылықтағы жұмысшылар қоныстанбақ. Айта кету қажет, мұнда баспаналар бірден жиһазымен бірге тапсырылады. Оны жергілікті жердегі “Капатурин” жеке кәсіпкерлігінен сатып алыпты.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Мемлекет ауыл шаруашылығын дамытуға қыруар қаржы бөледі. Сіздер оны халықтың қамын ойлай отыра екі есе қылып қайтарып жатырсыздар. Егер де тұрғындарға жағдай жасалынса, онда еңбеккерлер де жақсы жұмыс істейтін болады. Бұл өзгелеріне үлгі болу керек.

Ауданда барлық шаруашылықтар өз жұмысшыларына тиісті жағдайды жасап отыр ма? Жергілікті атқарушы билік пен шаруа қожалықтарының басшыларына еңбеккерлердің жалақысын арттырып, өндірісті кеңейту, мал шаруашылығын арттыру міндеті қойылған болатын. Тапсырма орындалды ма? Ол жайында халықпен өткен кездесу барысында талқыланды. Биыл жаңа жұмыс орнына 130 адам ие болыпты. Келер жылы тағы 200-і екі қолға бір күрек таппақ дейді баяндамасында селолық округ әкімі Мағзұм Дюселеков.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:


–  Мен ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің селолық округ және аудан әкімімен өзара әрекеті қандай? Соны түсінгім келеді. Біз жыл сайын еңбекпен қамтылған адамдардың санын арттыруды айтамыз. Сіз биыл 1643 тұрғын жұмыс істеп жатыр, келер жылы оның саны 1800-ге жетеді деп отырсыз. Бар-жоғы 200 адам. Олардың жұмыспен қамтылатынына кепілдік бар ма?

Сонымен нақты қанша адам еңбекпен қамтылып, олар немен айналысады? Бұл сұраққа селолық округтің әкімі жауап бере алмады. Ақыры баяндамада әдемі жазылған сандардан шатасты. Оған көмекке аудан басшысы келді.

Владимир Дудов – Ғ.Мүсірепов ауданының әкімі:


–  Бізде 3 базалық серіктестік бар. Келер жылы 104 адамды жұмыспен қамту көзделген. Оның 20-сы “Тоқсан би Ишим” серіктестігіне қызмет көрсету саласы бойынша орналасады. 30 адам бір-бір тайыншадан алады. Және тағы 30-ын біз өзін-өзі жұмыспен қамтушы санатынан шығарамыз.

Сондай-ақ, “Нежинка-Ерке” мен “Новоишимская нива” серіктестіктері ауылдықтарға бөлім төлеу мүмкіндігімен төрт түлік бермек. Осының арқасында мал шаруашылығына өзін-өзі жұмыспен қамтушылардың 27 пайызы тартылады. Алға қойған мақсат – майлы дақылдарды көптеп өсіру. Бүгінде бұл ырыздық түрі мол табыс әкеледі. Мал шаруашылығымен айналысу да жақсы кіріске ие. Бұны “Нежинка-Ерке” серіктестігі өз үлгісімен көрсетуде. Шаруашылықта мың жарымнан артық ірі қара бар. Бүгінде қожалық мал шаруашылығы базасын салуда. Алда сүт-тауар фермасын құруды жоспарлап отыр. Еңбеккерлеріне де бар жағдай жасалған. Олардың орташа жалақысы 70 мың теңгені құрайды.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:


–  Майлы дақылдар мол табыс әкеледі. Бидай да өсіріп жатырмыз. Мемлекет тарапынан да көрсетілетін көмек артуда. Сол себепті, жалақыны көтеру қажет.

Бұл – селолық округтегі барлық серіктестіктерге ортақ міндет. Мемлекеттен қолдау алғаннан соң бір тиімділікті көрсету керек.
Бұдан соң аймақ басшысы геологиялық барлау жұмысымен танысты. Облыс аумағында “Iluka” компаниясының жүргеніне 5 апта болды. Олар минералды құм іздеуде. Бұл бағытқа осы күнге дейін 2,5 миллионнан астам австралиялалық доллар жұмсалған. Жалпы жергілікті жерді зерттеуге 6 млн-ға дейін қаржы қарастырылған.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Біз жазда меморандум жасастық. Жұмыстарыңыз үшін барлық жағдай жасаймыз. Егерде біз қорды тапсақ, осы жерде минералды құмдарды қайта өңдейтін зауыт тұрғызылады ма?

Тони Торнтон – “Iluka Exploration Kazakhstan” ЖШС бас директоры:

– Біз Көкшетауға қарай бағыт алдық. Бұрындары теңіз бен көлдер болған жерлерді іздеп жатырмыз. Ол жерлерді тауып нақты ақпарат алуға бізге уақыт қажет. Әлеует бар деп ойлаймын.

Бұдан соң өңір жетекшісі Дружбинский селолық округіне ат басын бұрды. “Целинное 2004” серіктестігінің басшысы Серік Ибраев Құмар Ақсақаловқа жылу беру жүйесінің жаңа схемасын көрсетті. Бұл тың қазандықтар -польшалық өнім. Жылу трассасының ұзындығы – 8,5 шақырым. Жылуды биомассаны жағу арқылы алады екен. Тәулігіне 60 тең кетеді.

Серік Ибраев – “Целинное 2004” ЖШС директоры, Ғ.Мүсірепов ауданы:

– 2 тысячи тонн уходит за зиму. Угля раньше сжигали 4 тысячи тонн.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Шаруашылық зығырды сеуіп, сабан алады. Онымен тұрғындарды жылумен қамтиды. Қазандықтарға биомассаны пайдалану керек. Бұнымен біз көмірге жұмсайтын 500 млн теңгені үнемдей аламыз.

“Целинное 2004” серіктестігі тағы көкөніс өсірумен де айналысады. Оған арналған алқап – 10 гектар. Келер жылы оның ауқымын 35-ке дейін ұлғайтуды көздеуде.
Өзге де жоспарлар мен оны қалай жүзеге асыру жайы Дружба селосының тұрғындарымен өткен кездесуде айтылды. Мұндағы өткір мәселе – ол халықтың көшуі. Биыл елді мекеннен 40 адам кетіп қалған. Бұндай жағдай жермен жұмыс істейтін шаруа қожалықтары өз еңбеккерлерінің жағдайын жасамаған кезде жиі орын алады. Жиында әр серіктестік басшысы ауылда еңбеккерлер үшін не істелінгендігін айтты. Олардың алдына қойған басты міндет – жұмыс орындарын ашу.

 

Риат Шони