Қылмыс

ҚР ҰҰ Әскери институт курсанты қаза тапты

Жапа шеккен жігіт Әскери институттың лазаретіне түстен кейін жеткізілген. Медпунк қызметкерлері мен 2 бірдей жедел-жәрдем тобы жаралы курсантты құтқарып қала алмады. 19 жастағы жауынгер арада 20 минут өткен соң көз жұмған. Пышақ бір рет, кеуде тұсына сұғылыпты. Қаза болған болашақ офицер – Ғалым Тұрсын Оңтүстік Қазақстан облысының тумасы. Петропавлдағы Әскери институттың үшінші курсында оқып жүрген екен. Екі курсанттың арасындағы оқиға жауынгерлердің жеке уақытында, жазғы дәретхана жанында орын алған дейді, Әскери институттың бастығы. Қазір оқу ордасында режим күшейтіліп, пышақ сұққан курсант оқшауланған. Тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Серікхан Абселемов, ҚР ҰҰ Әскери институтының бастығы:

– Кез-келген үлкен ұжымда мұндай оқиғалар болып тұрады ғой. Негізі, екеуінің арасында жанжал болмаған. Үш жыл бірге оқыды. Күдікті ретінде оқшауланған курсант спортпен айналысады. Екеуінің де мінездемесі жақсы. Қаза тапқан жігіттің туыстары келе жатыр. Үште ағасы мен әкесі Көкшетау сапаржайынан түседі. Күтіп алып осында жеткіземіз.

Акбопе Танирберген