Спорт

“Құлагер” хоккей клубы ҚР ашық біріншілігіне дайын

Вячеслав Белан, “Құлагер” ХК бас бапкері:

– Команда құрамын жинадық. Жас ойыншылардың саны басым. Бірнеше тәжірибелі хоккейшілеріміз де бар. Қазақстан Республикасының кубогінде ойыншылардың дені өздерін көрсете білді. Сондықтан, осы маусымға қойған мақсатымыз биік.

Ел біріншілігінің 2017-2018 жылғы маусымында құрама намысын 28 хоккейші қорғамақ. Биыл құрамның тең жартысы жаңартылыпты. Жиын барысында ойыншылардың бәрі жанкүйерлер мен БАҚ өкілдеріне таныстырылды. Мәселен, 19 жасар шабуылшы Әмір Әлібаев қызылжарлық құрамаға елордалық “Астана” хоккей клубынан ауысқан.

Әмір Әлібаев, “Құлагер” ХК ойыншысы:

– Командаға тез сіңісіп кеттім. Алайда, Астанадағы отбасымды, достарымды сағынамын. Бірақ, жаттығулар уақытында жақсы жұмыс жасап, шеберлігімді шыңдауға тырысамын. Алға қойып отырған мақсатым – шабуылшы ретінде зор үлесімді қосып, тартымды ойын көрсету.

Айта кету керек, ел бірінішілігінің өткен маусымында теріскейлік тарландар жақсы ойын көрсете білді. Дегенмен, турнир кестесінде 94 ұпаймен тек 5-орынға тұрақтады. Бұл нәтиже, әрине, көпшілігінің көңілінен шыға қоймады. Алайда, алдағы маусымнан үміт зор. Жаңа құраммен қызылжарлық “Құлагер” ел бірінішілігінде топ жаруды көздеп отыр.

Саят Ермек