МТРА жаңалықтары

Петропавлда күн қуатымен жұмыс жасайтын жол белгілері орнатылуда

Көбіне көлік иелері жолда жүйткіп келе жатып, жаяу жүргіншілер жолында тоқтамай өте шығады. Сол себепті, осындай ескерту белгілері көптеп қойылу керек.

– Бұл қондырғы түнгі уақытта да жарық шашып тұрады. Ол біздер, жүргізушілер үшін өте қолайлы. Алыстан байқап тұрасың.

Бұл – Брусиловский және Бөкетов көшелерінің қиылысында орналасқан белгі. Жақын маңда мектеп бар. Осы жолмен оқушылар күнде өтеді. Сол себепті, қауіпсіздік шарасы мақсатында бұл жерге арнайы белгі орнатылған. Жалпы қалада мұндай көмекші қондырғы үш жерде қойылыпты. Оның екеуі – ДСР ауданында.

Азат Бейсембин – Петропавл қаласы ТҮКШ, жолаушылар көлiгi және автомобиль жолдары бөлiмiнің бас маманы:

– Бұл белгілер “Жаяу жүргіншілер жолы 5.16” деп аталады. Бір жинақтың құны 700 мың теңгеден асады. Қондырғының тиімділігі, олар электр қуатымен емес, күн энергиясымен жұмыс істейді. Яғни, біз бұл жаңашылдықтың арқасында жарықты 10 есе үнемдейтін боламыз. Алдағы уақытта бұл жұмыстар жалғасатын болады.

Жалпы қазіргі таңда қалада бағдаршамдардың да барлығы қуат үнемдейтін түріне ауыстырылуда. Бүгінде шаһарда олардың саны – 80.

 

Риат Шони