Әр түрлі

Қыркүйекте орташа ауа температурасы +11 градусты құрамақ

Ал, айдың алғашқы онкүндігі саяжай мен егістік алқаптарындағы жұмыстарды тындыруға қолайлы уақыт болады. Себебі, сынап бағанасы күндіз 25-30, түнде бұл көрсеткіш +11 градусқа дейін төмендейді. Алайда, жазғы ауа райына көңілі толмаған теріскейліктер күздің жылы күндері ұзаққа созылса екен деп тілеп отыр.

– Күздің жылы болғанын қалаймыз. Әлі де немерелерімізбен күн астында қыздырынып, серуендегіміз келеді. Сондай-ақ, диқандар үшін егінді уақытылы жинап алуға мүмкіншілік болады.

Қыркүйек айының орташа температурасы нормаға сай 11-12 градусты құрамақ. Ал, желдің екпіні 15-20 м/с дейін күшеюі мүмкін.

Әсемгүл Айтуарова – “Қазгидромет” ШЖҚ РМК СҚОФ инженер-синоптигі:

– Жаңбыр бірінші онкүндіктің соңында жауады. Сондай-ақ, айдың ортасы мен үшінші онкүндікте күтілуде. Жалпы жауын-шашын мөлшерінен көп түсуі мүмкін. Ай бойы кей жерлерде өткінші жаңбыр болып, найзағай ойнайды.

Бұған қарамастан, жылы киімдеріңізді шығаруға асықпаңыздар. Мамандардың мәліметіне сүйенсек, қыркүйек айының соңына қарай ауа температурасының көтерілуі байқалмақ.

Әсемгүл Айтуарова – “Қазгидромет” ШЖҚ РМК СҚОФ инженер-синоптигі:

– Үшінші онкүндіктің басында ауа температурасы күндіз 15-20, түнде 11 градусты құрамақ. Ал, айдың соңғы күндері сынап бағанасы күндіз 5-10, түнде 0-5 градустар шамасында болады деп күтілуде.

Тарихқа үңілетін болсақ, 2003 жылы өңірімізде қыркүйек айында сынап бағанасы +34 градусқа дейін көтеріліпті. Ал, ең төмен температура 1955 жылы тіркелген екен. Онда сынап бағанасы -6 градусқа дейін төмендеген.

Эльмира Садвокасова