МТРА жаңалықтары

20 теріскейлік Алматы қаласына әскери жиынға аттанды

Евгений Зорькин:

– Мен әскери кафедрада мотоатқыштар взводының командирі мамандығына оқыдым. Әскери билетті қолға алғаннан кейін алғашқы әскери даярлық бойынша оқу-әдістемелік орталығына оқытушы болып орналастым. Енді міне Алматы қаласындағы Құрлық әскерлері институтында өтетін жиынға қатысып, лейтенант шенін алмақ ниеттемін.

Бүгін запастағы сержанттардың дайындығын облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бастығы Еркінбек Байболов байқады.

Полковник сапта тұрған 20 азаматтың құжаттарын жіті тексерді. Жалпы тәртіпті түсіндіріп, әскери жиынның қалай өтетіндігінен құлағдар етті. Сайдың тасындай тізілген бұл ер жігіттерге қойылған басты талап – ол денсаулығында ешқандай кінәраттың болмауы және жасы 35-тен аспаған болу керек.

Қанат Сағынов – СҚО қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бөлім бастығы:

– Бұл азаматтарды іріктеу кезінде кешенді шаралар ұйымдастырылды. Жігіттер психологиялық тесттан, медициналық комиссиядан өтті. Тағы олардың сотталмағандығы тексерілді. Жалпы әскери жиыннан кейін арнайы органдарға аттестациялық құжаттар жіберіліп, сынақтан сәтті өткендерге офицерлік құрамның лейтенант шені беріледі.

Алматы қаласындағы әскери жиын қыркүйектің 5-і мен 19-ы аралығында өтеді.

Риат Шони