Бизнес және экономика

“ҚР Ұлттық банкі” РММ СҚОФ 7 айдың жұмысын қорытындылады

Мираш Жұмашев – “ҚР Ұлттық банкі” РММ СҚОФ директоры:

– 22 тамыздан бастап құнды қағаздың несиенің ставкасы 10,25 пайыз болды. Яғни, бұрынғысына қарағанда, 0,25 пайызға арзандады.

Соңғы 7 айдың ішінде банктер өңір тұрғындарына 68 млрд теңге несие берген. Қаражаттың дені сауда-саттық, өндіріс ошақтары мен ауыл шаруашылығына бағытталыпты. Банкирлердің айтуынша, шағын және орта бизнесті несиелендіру көлемі жыл артқан сайын өсуде. Биыл кәсіпкерлікке 26 млрд теңге қарыз беріліпті. Бұл сома былтырғыға қарағанда 1,4 есе көп. “Судың да сұрауы бар” демекші, берешекті қайтару бар. Банктерге тұрғындардан проблемалық қарыздарды қайтаруға заңгерлер көмектеседі. Осы ретте коллекторлық агенттіктердің жұмысын реттейтін заң нормасы күшіне енгенін айта кеткен жөн.

Мираш Жұмашев – “ҚР Ұлттық банкі” РММ СҚОФ директоры:

– Коллекторлық агенттіктер қарызгерлермен апта сайын жұмыс күндері 3 рет кездесіп, Сонша рет оларға қоңырау шала алады. Ол ереже бұзылса, агенттіктің жұмысы тоқтатылады.

Коллекторлыққа еңбек өтілі бар, тәртіптік жауапкершілікке тартылмаған, мемлекетке берешегі жоқ заңгерлер таңдалып алынады. Іріктеуден өткендер әділет органдарында тіркеліп, жеке кәсібін бастай алады. Оларға борышкерлердің ар-намысын қорлауға жол берілмейді. Бүгінде солтүстікқазақстандықтар қаржы ұйымдарына жалпы сомасы 102,5 млрд теңге қарызы бар.

Берік Қасен