Спорт

Петропавлда облыстық “Жаз-2017” сайысы өз мәресіне жетті

Абылайхан Қайроллаев – “Жас Отан” ЖҚ СҚОФ төрағасы:

– Биыл алғашқы рет өткізудеміз. Енді турнир келесі жылдан бастап дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын болады.

Жарыс ұлдар және қыздар арасында үш жас ерекшелігі бойынша ұйымдастырылуда. Алғашқы финалдық кездесуді Тайынша және Петропавл қаласының құрамасы өткізбек. Қыздарға берілетін уақыт – 10 минут. Ойынның алғашқы сәтінен бастап сары жейдедегі тайыншалық бұрымдылар шабуылға көшті. Сөйтіп, бірер минуттан кейін аталған команда қоржынына алғашқы ұпай түсті. Қызылжарлықтар болса дес берер емес. Есепті әп сәтте-ақ теңестірді.

Тайыншалықтар тағы басымдықты өз қолдарына алды. Олардың баскетболмен айналысып жүргендеріне 5 жыл болыпты. Бұл құрама мүшелерінің дайындықтарынан да көрініп-ақ тұр. Нәтижесінде, сары жейдедегі қыздар 3:2 есебімен ойынды аяқтады.

Фариза Негматжан – Тайынша ауданы құрамасының ойыншысы:

– Қарсыластар мықты. Алайда, бар күшімізді салып жеңіске жеттік.

Ойынды өңір басшысы Құмар Ақсақалов та тамашалады. Аталмыш жарыс енді дәстүрлі түрде жыл сайын өткізілетін болады.

Эльмира Садвокасова