Мәдениет

Айтыскер ақын Назгүл Өтенованың өмірден өткеніне – 25 жыл

Қуыршақпен ойнаған
Ойынға мүлде тоймаған
Қызық көріп даланың бар гүлдерін жиған
Айды әпер деп сұраған
Балалықты сағындым.

Шумақ 24 жастағы ақын Назгүл Өтенованың поэзиясынан алынған. Өкініштісі сол, балалықты аңсаған бойжеткен 25-ке толар-толмас шағында жасындай жарқ етіп, өмірден озып кетті. Көзі тірісінде қоғамда болып жатқан кез-келген оқиғаны бір ауыз өлеңге сыйдырып, суырып салып айта салатын Назгүлдің бақилық болғанына 25 жыл толып отыр. “Жоғалып кетсем жер бетінен, өлмеуін өлеңімнің тек өтінем” деп жырлаған балауса ақынның туындысын мектеп оқушылары жатқа біледі. Марқұмның жыр жазатын қабілетін алғаш болып байқап, әрі қарай қолдаған алғашқы ұстазы Айсұлу Байкенова шәкіртінің еске алу кешіне келіпті.

Айсұлу Байкенова, Назгүл Өтенованың алғашқы ұстазы, ҚР оқу ісінің үздігі:


– Болашақта ақын, жазушы болама деп ойлайтынмын. Баулыдым. Кейін оқу бітіріп маған тәжірибеден өтуге келді. Мен одан, ол менен үйренді. Біраз жетістіктерге жетті. Ол кезде нағыз ақын еді.

Назгүл – шындықты, қоғамдағы мәселелерді, туған жерге деген махаббатын өлеңмен өрген жас талант иесі еді. Айтысқа шыға салып жүлде алған саусақпен санарлық ақынның бірі. 1991 жылы өткен Ақан Самұров пен Назгүл Өтенованың арасындағы қыз бен жігіт айтысы тіпті осы залдағылардың әлі күнге дейін есінде.

Еске алу кешінде ақынның өлеңдері оқылып, ол жайды санада қалған жарқын естеліктер айтылды. Мына отырған бір топ келіншек – Назгүлдің топтас құрбылары. Педагогикалық училищеде бірге оқыған. Барлығы биыл 50 жылдық мерейтойларын тойлағалы отыр. Тең өскен құрбылары бұл қуанышты Назгүлмен бірге атап өте алмайтынымыз жанға батады дейді.

Сәуле Қоқышева, Назгүл Өтенованың құрбысы:


– Күлімсіреп, ойда жүретін. Бізге қыздар өлең жаздым, тыңдаңдаршы деп келіп тұратын. Біз барлығымыз орысша кетіп, көңіл бөліп, көзі тірісінде тыңдарманы бола алмадық. Соған өкінемін.

 

Назгүл Өтенова – Тельман ақсақал мен Мұңдық апа тәрбиелеген 9 баланың тұңғышы болатын. Бүгінгі Еске алу кешін марқұмның бауырлары ұйымдастырған. Назгүлдің жалғасы – өлеңдері. Сондықтан жазып қалдырған күллі туындысын бүгін кітап етіп шығарып, тұсауын кесті. Тағы айта кетейін, 25 жасқа дейінгі ақындар үшін СҚ газеті Назгүл Өтенова атындағы жүлде тағайындады. Жасындай жарқ етіп жоқ болған ақын қызды ұмытпау үшін, өзі оқыған педагогикалық училищеде, қазіргі Петропавл Педагогикалық колледжінен ақын атындағы аудитория ашуға ұсыныс жасалды.

Акбопе Танирберген