Спорт

Облыс орталығында велоспорттан Петропавл қаласының ашық кубогы өз мәресіне жетті

Тимур Ұмаров – жарысқа қатысушы, Жамбыл облысы:


– Мен 2 жыл бойы тректе, 1 жыл шосседе айналыстым. Осы жарыста жақсы нәтиже көрсеттім, бірінші орын аламын деген ойдамын.

Критериум-жарысы велошабандоз Дана Ахметованың құрметіне арналған. 17 жастағы нәзікжанды ағымдағы жылдың маусымында IV Жастар спорттық ойындарында көз жұмған еді. Сондықтан сайыс басталмас бұрын шараға қатысушылар теріскейлік спортшыны бір минут үнсіздікпен еске алды.

Жанболат Ахметов – Дана Ахметованың әкесі:


– Қызымызды еске алып, оған осындай шараны арнағандары үшін алғыс білдіремін. Дананың болашағы зор еді. Әлем чемпионы атанатындай мүмкіндіктері болды. Бұл, негізінде, керемет спорт түрі. Еуропада велошабандоздарды жол серілері дейді. Барлық қатысушыларға сәттілік және жеңіс тілеймін.

Бәйге басталды. Жарыс жолы шамамен 2 шақырымды құрайды. Оны қатысушылар 12 рет еңсерулері керек. Әрбір екінші айналым сайын үздік төрттікке енген спортшыларға ұпайлар тағайындалады. Яғни, жеңістен үміттілер доданың басынан-ақ, жылдам қимылдаулары қажет. Сондай-ақ, әр кезең сайын топ соңында қалып қойғандар додадан шеттетіледі.

Жарыстың басым бөлігі өтті. 8 айналымның нәтижесі бойынша үздік үштікке Астана қаласы мен теріскейлік спортшылар ілікті. Мәре сызығы жақындаған сайын бәйге қыза түсуде. Осы уақытқа дейін қатысушылардың тең жартысы жарыс жолынан шығып қалды. Енді, тек ең мықтылары бақтарын сынауда.

Бірнеше минуттан кейін доданың жеңімпазы анықталды. Мәре сызығын бірінші болып ешкімге дес бермеген елордалық Кенже Жанбыршы кесті. Бұл оның Петропавлдың ашық кубогындағы бірінші жеңісі емес. 14 жастағы Кенже сайыстың 3 кезеңінде де, жекелей жарыста үздік үштіктен көрінген. Сөйтіп, астаналықтың қоржынында 3 алтын, 2 қола медаль бар.

Кенже Жанбыршы – жарыстың жеңімпазы, Астана қаласы:


– Бұл сайысқа Өскемен қаласында дайындалдым. Ең қиыны жекелей жарыс болды. Онда желге қарсы жүрдік, сонысы қиын түсті мен үшін.

Ал, екінші және үшінші орынды теріскейлік спортшылар иеленді. Жалпы, өңір шабандоздарының көрсеткен нәтижелері көңіл көншітеді. Бәйге қорытындысы бойынша, жалпыкомандалық есепте солтүстікқазақстандықтар үздік атанды. Күміс және қола кубокпен астаналық командалар марапатталды.

Владимир Парахин – жарыстың бас төрешісі:


– Бәйге, шынымен де, қызу өтті. Сайысқа 18 команда қатысты. Бұл, тіпті, халықаралық жарыс стандартына сай. Қатысушылар арасында болашағы зор спортшылар өте көп. Келешекте олардан әлем чемпиондары шығады деген ойдамыз.

Жалпы, дүбірлі додаға еліміздің 8 өңірінен 113 жасөспірім қатысты. Олардың тоғызы – нәзікжандылар.

Эльмира Сәдуақасова