Ауыл шаруашылығы

Есіл ауданында Дала күні ұйымдастырылды

Денис Позолотин – Есіл мемлекеттік дән сұрпын сынау бөлімінің басшысы, Есіл ауданы:

– Біз елімізден және Австрия, Сербиядан тұқымдық материал алып, сұрыпты сынау үшін өңдейміз. Бидай 3 жыл ішінде қаралады. Кейін оны өндіріске енгізуге болады ма, әлде жоқ па, сол жөнінде тұжырымда жасалынады.

Аграрийлерге бидайдың өнімділігі жоғары сұрпы қажет. Оған қоса тат ауруына төтеп бере алатын болуы керек. Сол себепті, диқандар белсенділік танытып, түрлі сұрақтар қойып, масақтарды жіті қарауда. Мұнда әр желінің соңғы өнімге әсер ететін өзіндік ерекшелігі бар. Мәселен, Кондитерлік жаздық бидайдан – тәтті печенье, ал “Одиссео”-дан макарон әзірлеген дұрыс.

“Одиссео” бидайы – еуропалық селекция. Сабағы аласа. Сол себепті, барлық күш масаққа түсіп, дәндері ірі болады. Ғалымдардың айтуынша, келешекте желге, жаңбырға жығылмайтын дәнді-дақылдар көптеп қолданылады. Жалпы тәжірибенің таза болуы үшін бидайдың барлық сұрыптары бір күнде егілген. Және барлығына бірдей күтім жасалынды. Осының арқасында селекционерлер кемшіліктер мен артықшылықтарды көре алады. Кейбірі піскен масағының ауырлығынан жатып қалса, енді біреулері жап-жасыл болып тұр. Мәселен, Омский изумрудный. Өнімділігі мол болса да аграрийлер кеш пісетін топтардан біртіндеп бас тартуда.

Серік Кененбаев – Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығын ғылыми-зерттеу институтының бас директоры, Алматы облысы:

– Бұл жақта біздің 20 сортымыз бар. Қазір Солтүстік өңірі үшін тез пісетін сорттарды шығарып жатырмыз. Өйткені климаты қатал.

Биылғы жылы Қазақстанның дән сұрпын сынау жүйесіне – 80 жыл. Бұның бір үрдісі – ол құрғақшылыққа төзімді желіні іздеу. Өйткені, соңғы жарты ғасырдағы күннің жаппай жылынуы жылдық орташа температураның 1,5 градусқа көтерілуіне әкеп соқты. Ауыл шаруашылығындағы бұл өзекті мәселені шешу мақсатымен Дала күніне 200-ге жуық адам жиылды.

Елена Федоренко:

– Шартон сорты жаман емес көрінеді. Сыртқы келбетіне қарай бұл сұрыптың берекесі мол. Масағы үлкен, сабағы да жақсы екен.

Олег Ярушников:

– Өзіміздің, ашық аймақта сынағымыз келетін сұрыптар бар. Бұл жақта ормандар көп. Ал, бізде көбінесе жазық дала.

Тағы аграрийлерді техникалық жаңашылдықтар да қызықтырды. Машиналар көрмесіне шағын габаритті селекциялық комбайн, түрлі тұқым сепкіштер жайғастырылған. Сондай-ақ, мұнда алматылық “Ринда” ЖШС-нің өкілдері қазіргі уақытта қандай көкөністерді отырғызу тиімді екендігін айтып, өз ұсыныстарын айтты.

Владимир Соколов – “Ринда” ЖШС менеджері, Алматы қаласы:

– Біз солтүстікқазақстандықтар үшін көкөністердің: сәбіз, қызылша, бұрыш, баялды тұқымдарын ұсынып отырмыз. Тағы Меренганың буданы бар. Оның өнімділігі жақсы.

Ал, Явленкадағы мәдениет үйінде өсімдік шаруашылығындағы жетістіктердің көрмесі өтті. Бұл – картоп, қарбыз, бидай және жүгерінің аудандық сұрыптары. Ал, мынау – қауынның “Ливера”атты сорты. Оның өзгелерінен ерекшелігі – түсі жасыл және ұзақ сақталады. Биыл бұл жеміс Қызылорда облысы бойынша мемлекеттік реестрге енгізілген. Көкөністердің, дәнді және майлы дақылдардың селекциясы жайлы сарапшылар егжей-тегжейлі конференцияда баяндады. Қазіргі таңда ауыл шаруашылығы министрлігінде бәсекеге қабілетті отандық сұрыптарды шығаруға аса көңіл бөлінуде.

Ләззат Құпанова – ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің департамент директорының орынбасары:

– Агро өнеркәсіп кешені 2017-2021″ атты жаңа бағдарламаны жүзеге асыру аясында бірқатар түзетулер орын алады. Оның ішінде репродукциялық құрамы бойынша тауарлық емес егістіктерде тұқымды пайдалануға шектеу қою бар. Тағы біз 2018-ші жылы халықаралық конвенцияға қосыламыз.

Былтырғы жылдан бастап селекциялық тұқым өсіру техникасы субсидиялана бастады. Алдағы уақытта қондырғының аталымы ұлғайтылмақ. Кездесу соңында адал еңбегі мен қызметте көрсеткен жоғары жетістіктері үшін 2 азамат “Ауылшаруашлығы өндірісінің үздігі” медальдарымен марапатталды. Тағы 10-нан астам аудан жұмысшысы “Еңбек даңқы” төсбелгесін иеленді.

 

Риат Шони