Аптадағы маңызды жаңалықтар

Петропавлда облыстық әкімдіктің отырысы өтті

Аға әділет кеңесшінің айтуынша жыл соңына дейін құқықтық қызмет орталығын ашу қажет. Мұндай нысан шілде айында елордада іске қосылған. Ол барлық керек-жарақтармен қамтылып, электронды кезек жүйесі енгізілмек. Тіпті, ғимараттың қаладағы орны да бекітілген. Жыл соңына дейін енгізілетен тағы бір жаңашылдық – ол электронды қылмыстық іс модулі.

Махаббат Кәрібайқызы – Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің СҚО бойынша басқармасы бастығының орынбасары:

– Модульдің көмегімен қылмыстық істің өтініш жазылғаннан бастап үкім шыққанға дейінгі барлық материалын электронды нұсқада құрастыруға мүмкіндік береді. Бұл сот және тергеу органдарына артылған міндетті жеңілдетеді. Бүкіл жұмыс ашық болады. Бұған қоса өтінішхатты қарауда түрлі құжаттардың көшірмесін жасамаудың мүмкіндігі туады. Бұл, әрине шығынды азайтады.

Автокөлік иелерінің құлағына алтын сырға. Келер жылдан бастап “Е-әкімшілік іс” атты қосымша енгізілмек. Әкімшілік заң бұзушылықтарды тіркейтін бірыңғай база арқылы кез келген көлік жүргізушісі жол жүру ережесіне қатысты айыппұлдарды, мемлекет алдындағы берешегін дәл сол орында ұялы телефонының көмегімен төлей алады. Бастысы, жеке сәйкестендіру нөмірін білсе болғаны.

Бұдан кейін облыстық статистика департаменті басшысының міндетін атқарушы Қуанышбек Қалижанов алғашқы 7 айдағы өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму барысын баяндады. Айтуынша, жыл басынан облысымыз ел бойынша инвестиция тартуда 16 аймақтың ішінде 8-ші орынға жайғасты. Негізгі капиталға құйылған қаржы 8,1 пайызға өскен. Ал, құрылыс болса 21,9 пайызға төмендеп, бұл бағытта біз көш соңында қалдық. Тағы ауыл шаруашылығының да даму қарқыны көңіл көшітпейді.

Құмар Ақсақалов аталған саланы жеке қосалқы шаруашылықтар арқылы өркендету қажеттігін айтты. Бейінді ведомствоға бұл бағытта жүйелі түрде жұмыс істеуді тапсырды. Тағы шағын несиелеуге ақшаны бюджеттік қаржыдан бөлуге де дайын екендігін тілге тиек етті. Бастысы, мардымды жобалар болу керек.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Қазіргі таңда облыста жеке қосалқы шаруашылықтардың саны 120 мыңнан астам, ал мал шаруашылығымен айналысатындардың қатары 78 мыңды құрайды. Отбасы мүшелерінің жеке табысын есептегенде шығатын сома көңіл көншітпейді. Біз жеке қосалқы шаруашылықтардың әлеуетін толық аша алмай отырмыз. Бұны жүйелеу қажет. Ауыл шаруашылығы басқармасы арнайы топ құрып, осы бағыттағы мәселелерді шешуді қарастыру қажет.

Тағы жиында ең төменгі жалақы Тайынша мен Ақжар аудандарында екендігі белгілі болды. Мұнда орташа еңбекақы 78 мың теңгені құрайды екен. Ал, облыста бұл көрсеткіш 99 мың теңгенің маңайында. Бұдан бөлек өңір аграрийлері алтын дәнді сату бағасын декларацияда төмен қылып көрсететін көрінеді. Соның есесінен түсетін салық та аз. Жалпы, жыл сайын өңірде ауыл шаруашылығы саласынан қазынаға 6 млрд теңге кіріс түседі екен. Оның 50 пайызы республикаға жөнелтіледі.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Орташа есеппен алғанда аграрийлер бидайды сату көрсеткішін тоннасына 32 мың теңге қылып көрсетеді. Үшінші классты алтын дәнге бұндай баға мүлдем жоқ. Ал, жасымық болса 68 мың теңге. Оның нақты бағасы 200 мың болған. Бұны олар салықты, жалақыны аз төлеу үшін жасап жатыр. Өздеріне пайда көп түседі. Бұған біз көз жұмып қойып қарап отырмыз. Аталған жайтты Мемлекеттік кірістер басқармасы ретке келтірсін. Алдағы уақытта бұл мәселені тағы қарастыратын боламыз.

Жиында, сондай-ақ, жуырда Елбасың қатысуымен өткен кеңейтілген отырыста айқындалған міндеттер де айтылды. Тапсырмаға сәйкес алдағы уақытта облыс орталығында жаңа мектептің құрылысы жүргізілмек.

 

Риат Шони