Спорт

Петропавлда Спорт күніне орай салтанатты жиын өтті

Расында теріскейдің текті топырағы толағайларға кенде емес. Біз кәсіпқой бокстан әлем чемпионы Жанат Жақиянов, конькимен жүгіруден халықаралық спорт шебері Роман Креч, жеңіл атлетші Ирина Эктова сынды саңлақтармен мақтана аламыз. Бір сөзбен айтқанда, бұл сала қарқынды даму үстінде. Өңірде спорттың бүгінгі жай-күйін мінберден облыс әкімі аппаратының жетекшісі Мадияр Қожахмет баяндап, залға жиналғандарды мерекемен құттықтады.

Мадияр Қожахмет – СҚО әкімі аппаратының жетекшісі:

– Қазір өңірде дене шынықтырумен жүйелі түрде 170 мыңнан астам солтүстікқазақстандық айналысады. Тұрғындар үшін 2 мың 854 спорттық нысан жұмыс істеп тұр. Петропавлда мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында теннис орталығының құрылысы жүріп жатыр. Бүгінде өңірде спорттың 77 түрі қарқынды дамып келеді. Тағы 356 жерлесіміз ұлттық құрама сапында өнер көрсетеді.

Бұдан соң еңбегі еленген азаматтарға облыс әкімінің Құрмет грамотасы табысталды. Қошеметке бөленгендердің қатарында Мамлют ауданының балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің грек-рим күресінен жаттықтырушысы Руслан Дәулетов те бар. Білікті бапкердің бұл қызметте жүргеніне 24 жыл болыпты.

Руслан Дәулетов – Мамлют ауданының БЖСМ грек-рим күресінен жаттықтырушысы:

–  Былытр балалар ед біріншіліктерінде үздік нәтижелерге қол жеткізді. 5 тәрбиеленушім облыс чемпионы атанды.

Тағы жиында 14 жерлесіміз аймақ жетекшісінің Алғыс хатын иеленді. Бұдан бөлек ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің де марапаттары өз иелерін тапты. Бұндай қошеметке 10 теріскейлік бөленді. Өңірде жекелей сындардан бөлек командалық спортта да үздік нәтижеге қол жеткізген ұжымдар бар. Солардың бірі – “Қуаныш” волейбол клубы. Әуе допты алақанында ойнатқан бұрымдылар өткен маусымда Жоғары лиганың 25-ші чемпионатында қарсылас шыдатпай жеңімпаз атанды.

Волейболшы қыздарымыз күні кеше ғана оқу-жаттығу жиындарынан оралды. Олар кезекті маусымға қарқынды дайындық үстінде.

Азамат Есімов – “Қуаныш” ВК бас бапкері:

– Өткен маусымда тек қостанайлықтар ғана бізге жақсы бәсекелестік көрсете алды. Енді қазір жаңа ойыншылармен жасақталып жатырмыз. Күзде Қазақстан кубогының іріктеу сындары басталады. Сонда үздік нәтиже көрсетуге тырысамыз.

Тағы салтанатты жиында жыл бойы спортта үздік нәтиже көрсеткен аудандар да назардан тыс қалмады. Олардың көшін тайыншалықтар бастады. Ал, екінші орынға Қызылжар ауданы жайғасса, үздік үштікті Ғ.Мүсірепов ауданы тұйықтады. Оларға көшпелі кубок пен диплом табысталды.

– “Қызыл-Жар СҚ” футбол командасы, “Қуаныш” ВК және шайбалы хоккейден мақтанышымыз – “Құлагер” ұжымы. Бұл жалпақ жұртқа белгілі өңірдің мықты командалары. Олар өткен маусымда ел біріншіліктерінде үздік нәтижелерге қол жеткізді. Бүгінгі жиында осы және өзге ұжымдардың да жетістіктері қорытындыланды. Енді алда тұрған жарыстарда да жерлестеріміз намысты қолдан бермейді деген сенімдеміз. Өйткені, оларға артылған жүк ауыр. Мәселен, футболшылар Премьер-лигаға өтулері қажет, хоккейшілер болса ел чемпионатында үздік үшткітен көрінулері тиіс. Ал, волейболшы қыздарымыз Ұлттық лигаға алғаш рет аяқ басып отыр. Ұзын сөздің қысқасы облыс командаларына сәттілік тілеп, тура бір жылдан кейін үздік нәтижелерін естіп шаттанайық! Лайым солай болсын!

 

Риат Шони