Әр түрлі

Петропавлда өрт сөндіруші көлігінде маневр жасау бойынша облыстық жарыс өтті

Аян Сәдуақасов – №12 өрт сөндіру бөлімінің жүргізушісі, М.Жұмабаев ауданы:

– Өрт сөндіру бөлімінде 2003 жылдан бері жұмыс істеп келемін. Ең бастысы құтқарушыларды дер кезінде оқыс оқиға орнына жеткізу. Ол үшін елді мекенді білу қажет.

Облыстық сайысқа өңірімізден 4 өрт сөндіруші бөлімінің жүргізушілері қатысуда. Олар ағымдағы айдың басында өткен аймақтық кезеңнің жеңімпаздары атанып, мықтылар қатарынан көрініпті. Жарыс барысында қатысушылар 10 кедергіні еңсеріп, аз уақыт ішінде мәреге жетулері қажет.

Қатысушылардың сөзінше, бұл жарысқа арнайы дайындықтың қажеті жоқ. Себебі, төтенше жағдайда әрекет ету – олардың күнделікті жұмысы. Бүгін де олар бөгеттерге толы жолмен қозғалып, өрт сөндіруге арналған жабдықтармен жұмыс істей білу қабілеттерін көрсетті.

Виктор Докучаев – СҚО ТЖД өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің өрт сөндіру техникасы және жабдықтары бөлімшесінің бастығы:

– Төтенше жағдай кезінде барлығы өрт сөндіру машинасы жүргізушісінің кәсіпқойлығына байланысты. Ол жолда апаттық жағдайларды тудырмай, діттеген жерге құтқарушыларды тез жеткізуі қажет. Сол себепті, шеберлікті арттыру үшін осындай жарыстар ұйымдастырудамыз.

Жалпы, жыл басынан өңірімізде 434 өрт оқиғасы тіркелген. Салдарынан 30 адам қаза тапқан. Ал, 25 тұрғын ажал аузынан құтқарылыпты.

 

Эльмира Садвокасова