Құқық қорғау органдары

Жыл басынан облыс аумағындағы су қоймаларында 23 адам мерт болды

Булатжан Асқарбеков – СҚО ТЖД бөлім бастығы:


–  Жыл басынан облыс аумағындағы су қоймаларында 23 адам мерт болды. Олардың 15-і шомылу барысында суға батып кетсе, қалған 8 жағдайдың себебі анықталмады. Жалпы, оқыс оқиғалардың басым бөлігі Есіл өзенінде орын алған. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, адамдардың суға батып кету қаупі, әсіресе, сағат үштен кешкі алтыға дейін өте жоғары.

Сондықтан, дәл осы уақытта ТЖД қызметкерлері жағажайларда рейдтік шараларды өткізіп, тұрғындарға қауіпсіздік ережелерін еске салады. Бұған қарамастан, өңірде суға батып кету фактісі азаяр емес. Оқыс оқиғаның соңғысы өткен демалыс күндері тіркелген. 34 жастағы Петропавл қаласының тұрғыны белгіленбеген жерде суға түсіп, көз жұмды. Кейін анықталғандай, жігіт масаң күйде болған екен. Жалпы, шомылу маусымы барысында өңір құтқарушылары 30 адамды ажал аузынан сақтап қалып, 21-іне алғашқы медициналық көмек көрсеткен.

Дмитрий Растихин – Қызылжар аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы:

– Биыл көктемде орын алған тасқын су кезінде Есіл өзені бірнеше шақырымға дейін жайылған болатын. Орнына келгенмен қай тұсының таяз, ал қай жердің терең екенін білмейміз. Себебі, өзеннің барлық аумағы әлі зерттелмеген. Сондықтан, тек арнайы бекітілген орындарда шомылған жөн. Бұған қоса, бұндай жерлер құтқарушылардың үздіксіз бақылауында.

Бұдан бөлек, ТЖД дала өрттерінің алдын алу шараларын да басты назарда ұстауда. Ағымдағы жылы егістік алқаптарындағы сабанды қадағалаусыз өрттегені үшін 51 жеке және заңды тұлға әкімшілік жауапқа тартылған. Өйткені, қараусыз қалған от орманға лезде тарап кетуі мүмкін.

Денис Шуваев – СҚО ТЖД өрт қауіпсіздігі саласындағы бақылау және профилактикалық қызмет басқармасының бастығы:

 


–  Мұндай оқиғалардың алдын алу мақсатында үздіксіз тексеру жұмыстарын жүргіземіз. Облыстық, республикалық маңызы бар жол бойындағы орман алқаптарының алды ені 3 метрдей жыртылуы қажет. Яғни, өрт орын алса, осы аралық кедергі болады. Сөйтіп, қызыл жалын жасыл желектерге жетпей сөндіріледі. Бұндай жерлерді шөп қайта өспеуі үшін ай сайын жыртуып отыру қажет.

Айта кеткен жөн, жыл басынан облыс аумағында 27 далалы алқап өртеніп, олардың 10-ы ерікті өрт сөндіруші құрылымдарының көмегімен сөндірілген.

Эльмира Садвокасова