Бизнес және экономика

Жыл басынан бері өңірдегі жалақы көлемі 6 пайызға өсті

Жалпы жыл басынан бері облыстағы орташа жалақы мөлшері 6 пайызға өсіп, 99 мың 930 теңгені құрап отыр. Ең көп еңбекақы – 177 мың теңгеге жуық соманы сақтандыру және қаржы салаларының қызметкерлеріне төленеді екен. Одан сәл төмен – 157 мың теңгені – көлік және қоймалау, тағы 136 мың теңгені байланыс және ақпарат саласының еңбеккерлері алады.
Ал, өңір бойынша күнкөріс деңгейінің ең төменгі шамасы 22 мың теңгеден сәл асып отыр. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 15 пайызға көп. Солтүстікқазақстандықтар азық-түлікке тапқан табыстарының басым бөлігін, яғни 13 мың теңгеден астам соманы жұмсайды. Оларға деген баға да 5,3 пайызға көтерілген екен. Қант пен кондитерлік өнімдер – 3, ал май өнімдері 1 пайызға қымбаттаған. Айта кету керек, көкөністердің, оның ішінде картоп пен қырыққабат құны сәл де болса арзандапты. Азық-түлік емес тауарлардың бағасына келер болсақ, олар 3,2 пайызға өскен. Ақылы қызметтер құнының 6,7 пайызға көтерілгені байқалады.

Магжан Ахмадина