Әр түрлі

EXPO-2017 жаңалықтары

Халықаралық көрме ашылғалы бері оны 2 млн 300 мыңнан астам адам тамашалаған. Мұнда 22 мемлекет басшысы мен 80 министрліктің бірінші жетекшілері келген. Алдағы уақытта ЭКСПО-ны көруге Италия, Фиджи, Біріккен Араб Әмірліктерінің премьер-министрлері мен Польша президенті Анджей Дуда келеді деп күтілуде. Ал, қазір мұнда әр елдің ұлттық күндері жалғасып, бүгін Фиджи мен Армения өз өнері мен мүмкіндіктерін паш етуде. Көрмеге барғандар «Дольче» тобының әуезді әндерін тыңдап, Тынық Мұхитындағы арал тұрғындарының павильонын аралай алады. Армениялықтар болса, өздерінің фольклорлық джаз әуендерімен келушілерін қуантып, нағыз мерекелік көңіл күй сыйламақ. Айта кету керек, маңызды шараны тамашалаушылар қатарының артуына билеттерді сату әдісінің өзгергендігі оң ықпалын тигізген. Кешкілік уақытта көрмеге билет құнын арзандатудың нәтижесінде шараға 11 жарым мың адам кірген. Ал, жеңілдіктерді пайдаланған зейнеткер, оқушылар мен студенттердің саны 564 мыңға жеткен. Еске сала кетейік, демалыс күндері 17 жасқа дейінгі балалар ЭКСПО-ға тегін кіре алады. Тек қолдарында туу туралы куәліктері болуы керек.

 

Магжан Ахмадина