Денсаулық сақтау

Булаево қаласындағы психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті жаңартылған нысанға көшірілді

Динара Садвакасова – М.Жұмабаев ауданы психологиялық-педагогикалық түзету кабинетінің директоры:

– Біз орталықта ерекше балалармен жұмыс жасаймыз. Бұл көбіне сөйлеу қабілеті бұзылған және эмоционалды-коммуникативтік қабілетінің дамуы нашар, көру және есту мүмкіншілігі төмен ұл-қыздар. Әрбіреуімен мамандар жеке жұмыс жасайды. Бір курс шамамен 3 айға созылады. Ең ұзағы – 1 жыл.

Орталықтағы мамандар 18 жасқа дейінгі балаларды қабылдайды. Бірақ мұнда келгендердің қолында дәрігерден алынған арнайы анықтама болуы керек. Жалпы соңғы бір айда мамандардың көмегіне 40-қа жуық ұл-қыз жүгінген.

Саида Владюк – М.Жұмабаев ауданы психологиялық-педагогикалық түзету кабинетінің психологы:

– Біздің орталықтағы мамандар балалардың әрқайсысымен түрліше жұмыс жасайды. Себебі, барлығының мінезі әр қилы. Осы орайда біз үнемі ізденіс үстіндеміз. Мен нейропсихологиялық және Монтессори элементтерін қолданамын.

Мұнда барлығы 8 кабинет бар. Әрқайсысы ойыншықтармен және керекті құралдармен жабдықталған.

–  Мына бөлмеде балалар спортпен шұғылданады. Ең кішкентай келушілер құрғақ бассейнде жатып шынықса, ересектер жағы мына құрылғының көмегімен бұлшық еттерін жаттықтырады.

Айту керек, аудандағы психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті 2006-шы жылдан бері жұмыс істеп келеді. Бұл уақыт аралығында ондаған ұл-қыз қойылған диагноздарынан арылып, сауығып кеткен. Мәселен, өткен жылы мамандардың көмегімен 2 бала дертіне шипа тапқан. Сонымен қатар, тағы 8-інде денсаулықтарының жақсарғандығы байқалған.

Айгерим Ержанова