Энергетика

“Севказэнергосбыт” ЖШС-гіне тұтынушылар 342,2 млн теңге қарыз

Мағауия Сағандықов – “Севказэнергосбыт” ЖШС бас директорының міндетін атқарушы:

– Биылғы жылы біз жоспар бойынша 381 жылу есептегіш құралын орнату керек болатынбысз. Бірақ, 50 аспапты ғана қойдық. Бұл құралдың бір-біреуінің құны 707 мыңнан 913 мың теңге аралығында тұрады. Аталған сомаға құралды орнату, жобалық-сметалық құжаттама құру кіреді. Үкімет 4 жылға бөліп төлу құқығы мен кепілдік береді. Сонымен қатар, осы мерзімде техникалық қызмет пен бір реттік мемлекеттік тексеріс тегін жүргізіледі. Жалпы бізде қалада қазір ескі 180 үй бар. Оларға жылу есептегіш орнатылмайды. Бұл құралды алдыңғы жылдары үйлеріне қойған тұрғындар жалпықалалық тариф 122 теңге болғанда, 75 теңгеден ғана төледі. Тиімділігі көрініп тұр.

Жылу есептегіш құралын орнатуға өтінішті қазан айы аяқталғанға дейін беру қажет. Бірақ, тұрғындардың көбі оны үйлеріне қоюға құлықсыз. Халықтың дені аспап жылу беру параметріне кері әсерін тигізеді деп күмәнданады екен. Алайда, ол тек тұтынған жылуды ғана есептейді. Бұның арқасында қызмет құнына ақшаны да аз төлеуге болады. Өйткені, қазіргі таңда қалада жылу мен жарық үшін қарыздары шаш етектен асатын азаматтар бар. Олармен күрес жолы да айрықша. Монополист компания бұндай тұтынушыларды сотқа береді. Кейін жеке сот орындаушылары олардың жылжымалы және жылжымайтын мүліктерін саудаға қояды. Тек осындай әрекеттен кейін ғана тұрғындар қарыздарын әкеліп төлей бастайды екен.

Мағауия Сағандықов – “Севказэнергосбыт” ЖШС бас директорының міндетін атқарушы:

– Біз қазір жеке сот орындаушылары мен қарызы 18 млн теңгеге жеткен 41 борышкермен жұмыс жасап жатырмыз. Бұл істің нәтижесі де бар. Мәселен, Жамбыл көшесі, 1Г мекен жайындағы 63-ші пәтер иелері 10 жыл ақша төлемеген. Оның жылжымайтын мүлігі сот шешімімен сатылымға қойылғаны сол-ақ еді, тұтынушы 440 мың теңгесін төледі. Жалпы бүгінде тұтынушылардың компания қызметіне деген қарызы 342,2 млн теңгені құрап отыр. Оның 202,1 млн-ы заңды тұлғаларға тиесілі.

Жалпы “Севказэнергосбыт” ЖШС-нің 160 мың абоненті болса, соның 1 пайызы қарызын айлап, тіпті, жылдап төлемейді екен.

 

Риат Шони