МТРА жаңалықтары

Өңірдегі 14 нысан “Солтүстік Қазақстанның киелі жерлері” картасына енді

Ғимараттың іргесі сонау 18-ші ғасырда үй ретінде қаланды. Бертін келе бірнеше рет қалыпқа келтірілді. Қазір мұнда өткен күннен сыр шертетін дүниелер, тарихи құнды деректер сақтаулы тұр. Облыстық «Қызылжар» орталық мешiтінің де орны ерекше. Қос күмбезі көк тіреген Алланың жердегі үйінде мұсылман қауым күнде жиылып, құдайға құлшылық етеді.

Қасымхан қажы Абдоллаұлы – Облыстық «Қызылжар» орталық мешiтiнiң наиб имамы:

– Биыл «Қызылжар» орталық мешiтінің ашылғанына 12 жыл толады. Алланың жердегі үйінде тұрақты түрде бес уақыт намаз оқылып, азан шақырылады.

Жалпы, өңірдің киелі жерлері картасына 14 нысан кіріп отыр. Олардың 4-уі Петропавл қаласында орналасқан. Тізімде Байқара ескерткіші, әулие Құлсары батыр мен Қожаберген жыраудың мазарлары бар. Тағы, бұлардың қатарына Айғаным қонысын да қосыңыз. Аты Алаш жұртына әйгілі Мағжан, Сәбит, Ғабит пен Иван Шухов сынды ақын-жазушылардың мұражайлары да қасиетті орындардың қатарына кірген.

Сәуле Мәлікова – Солтүстік Қазақстан мемлекеттік архивінің директоры:

– Бұл обьектілерді таңдаған кезде тарихи деректерге сүйендік. Арнайы құрылған комиссия зерттеу жұмыстарын жүргізді. Ғалымдар, қоғам қайраткерлерімен бірлесе өлкенің киелі жерлерін белгіледік.

Ал, Ботай қонысы мен Қарасай-Ағынтай батырлардың мемориалдық кешені Қазақстанның киелі жерлеріне қосылыпты. Тарихшы Сәуле Мәлікова зерттеу жұмыстарын мол жүргізсе өлкедегі қасиетті орындардың саны 50-ге дейін артатындығын айтады.

 

Култанов Байболат