Мәдениет

Жерлес жазушы Иван Шуховтың туғанына – 111 жыл

 

Эльмира Сәдуақасова – тілші:

– Бұл – Иван Шуховтың жұмыс кабинеті. Жазушы саналы ғұмырының 50 жылын әдебиетке арнаған. Осы аралықта 20-ға жуық роман мен новелла жазыпты. Жүректен шыққан туындылардың басым бөлігі мына машинкамен басылған.

Мұражайға келушілер жазушының баспанасына кірген сәттен бастап, шығармашылық атмосфераны сезіне алады. Себебі, қаламгер үйінің әр бұрышы сол күйі сақталған. Жеке кабинетінен бастап, қонақтарды қарсы алатын бөлмеге дейін.

Нина Шухова – Иван Шуховтың келіні:

– Иван Шухов ақкөңіл, жарқын адам еді. Қолы ашық, келген қонақты жақсы күтіп алатын. Кеңес не болмаса көмек сұрап келетін адамдар көп болды. Барлығына шамасы келгенше қол ұшын созуға тырысты. Елге сыйлы адам болды.

Жыл сайын 6-шы тамыз күні қаламгердің сүйікті оқырмандары туған ауылы Пресновкаға жиылады. Мұражай-үйдің алдына қойылған ескерткіш басына келіп, жазушының рухына тағзым етеді. Дәстүрлі шара биыл осымен 31-ші мәрте ұйымдастырылуда. Иван Шухов – жазушы ғана емес, журналист әрі аудармашы. Оның ондаған жылдар бойы жиған еңбегін, өскелең ұрпақ жоғары бағалауда. Кристина Возвышаева қаламгердің жерлесі екенін ерекше мақтан тұтады. Орыс тілі пәнінің мұғалімі оқушыларымен жылда мұражайға келіп, орыс әдебиеті өкілінің шығармашылығымен жақынырақ танысады екен. Ал, бүгін нәзікжанды шараға қатысып, жазушының шығармасынан үзінді оқып берді.

Кристина Возвышаева – Екатериновка орта мектебінің мұғалімі, Жамбыл ауданы:

– Осындай ұлы жазушының туған жерінде тұрып, бір ауамен тыныстап, бір табиғатты тамашалағанымыз – біз үшін үлкен құрмет. Иван Шуховтың бірқатар шығармалары кіндік қаны тамған жерге арналған. Менің ең сүйікті туындым – ол, әрине, “Қоңырау” повесі. Тіпті, мұражайдың бір бұрышы осы шығармаға арналған. Келген сайын сол жерге барып, кітаптан оқыған жайттарды көз алдыма елестетемін.

Кейін, іс-шара Пятное өзені жағалауында жалғасын тапты. Концертке аудандық және өңірлік өнер ұжымдары қатысып, келушілерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Жазушы шығармаларының бірінде 20-шы ғасырдың басында теріскей өңіріне қоныс аударған казактардың көрген қиыншылығы сөз болған. Сондықтан болар, диаспора өкілдері өздерін қолдап, көмек көрсеткен қаламгер мерейтойын жылда ерекше атап өтеді. Олар қонақтарға салт-дәстүрлерін және ойындарын көрсетті. Сөйтіп, қатысушылардың шыдамдылығы мен батылдығы сынға алынды.

Білекті жігіттер, тіпті, пышақ, балта мен мылтықтан нысанаға дөп тигізуден де сынасты.

Эльмира Сәдуақасова