Тағы Алмат Қожахметов “Аграрлық несие корпорациясы” АҚ облыстық филиалының директоры болып тағайындалды. Бұдан бөлек Серікбай Қасмақасов облыстық Қоғамдық денсаулықты қорғау департаментінің басшысы міндетіне ауысты. Ол көп жылдар бойы Қарағанды және Жамбыл өңірлерінде қызмет еткен.
Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– Серікбай Қасмақасов медицина ғылымдарының докторы. Бұған дейін ол Жамбыл облысында еңбек еткен.
Кезек баяндамашыларға берілді. Ең бірінші болып мінберге облыстық жергілікті полиция қызметінің бастығы Қанат Айтбаев шықты. Полковник алғашқы жартыжылдықты қорытындылады. Оның айтуынша жыл басынан жасалынған жалпы қылмыстардың саны 3764-ке жетіпті. Ал, қоғамдық орындардағы құқықбұзушылық 14,7 пайызға төмендеген. Қылмыстардың бетін ашуда бейнебақылау камералары үлкен септігін тигізеді екен.
Қанат Айтбаев – СҚО ІІД Жергілікті полиция қызметінің бастығы:
– Ауыр қылмыстар – 26, аса ауыр 27 пайызға төмендеді. Көшедегі құқықбұзушылық 13,7 пайызға азайған. Жыл басынан 70 мыңнан астам әкімшілік құқықбұзушылық анықталды. Тағы бейнекамералардың көмегімен 80 қылмыстық оқиғаның жолы кесілді.
Өңір аудандарына келер болсақ, М.Жұмабаев ауданында балалар қылмысы азаймай тұр. Тағы Аққайыңда бақылау камералары жетіспейді. Жиын да облыс әкімі қаладағы Парк-сити түнгі клубының маңында орын алған жағдайларға тоқталды.
Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– Өткен жылы осы клубтың маңында баскетболшыны жігіттер ұрып, ақыры ол жан тапсырды. Сот ісі ұзақ жүрді. Қылмыскерлер ұсталып, жазаланды. Ал, биыл, күні кеше ғана дәл сол жерде жастар атысты. Оның біреуі құрықталды. Ал, екіншісі әлі қашып жүр. Қасында полицейлердің модулі тұр. Бейнебақылау камерасы да бар. Бұған қалайша жол берілген?
Қазір бұл іске қатысты полицейлерде ішкі тексеріс жүріп жатыр. Сол түні модуль ішінде кезекшілік атқарған қызметкерлер жұмыстан шығулары да мүмкін. Тағы Құмар Ақсақалов бақылау камераларын алуға облыстық қазынадан 300 млн теңге бөлініп, бюджеттің толық игерілмегендігін сынға алды. Ішкі істер органдарының сайтында мемлекеттік сатып алулар жайлы ақпараттың жоғы тағы бар. Бұдан бөлек қалада жылдамдығын арттырған көліктерді суретке түсіретін фотоаппараттар істемей тұр. Құмар Ақсақалов алдағы уақытта олқылықтарды ретке келтіруді міндеттеді. Бұдан кейін өз баяндамасын Облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы басшысының міндетін атқарушы Анатолий Усольцев оқыды. Бүгінде өңірде тұрмыстық қалдықтар төгілетін 488 аумақ тіркелген. Оның екеуі Петропавл қаласында орналасқан. Бірақ, қоқыс рұқсат етілмеген жерлерге де апарып тасталынатын көрінеді. Арнайы бекітілген алаңдарға аудандық әкімдіктер тарапынан бақылау жеткіліксіз.
Анатолий Усольцев – СҚО табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы басшысының міндетін атқарушы:
– Аққайың ауданында 18 қоқыс алаңының тек 5-уі ғана жиналған. М.Жұмабаев ауданында бұл жұмыстар 54 полигонның 21-нде, Қызылжарда 56-сының 25-сінде, Тайыншада 64 алаңнын тек 25-нде ғана жүргізілген. Тағы Уәлиханов, Тимирязев пен Шал ақын аудандары бұл істі мардымды орындамайды. Біз ескерту жасасақ та полигонда аббаттандыру жұмыстары жасалынбаған.
Бұл істі Құмар Ақсақалов аудан басшыларына күз мезгілі аяқталғанға дейін толық атқаруды тапсырды. Тағы аймақ басшысы полигонды жинауға алынған 4 трактордың тек біреуі ғана істеп тұрғандығын сынға алды. Техникалар ақауы бар күйінде сатып алыныпты.
Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– 2015-ші жылы қоқыс алаңдарын жинауға С-100 маркалі 4 трактор берілді. Қазіргі таңда оның тек біреуі ғана Айыртау ауданында жұмыс істеп жатыр. Есіл, Тимирязев пен Шал ақын аудандарында үшеуі сынып тұр. Бұл техникалармен биыл полигондар жиналған жоқ. Ақауы бар техниканы несіне аласыздар? Одан да шаруа қожалықтарына ақша төлеп, осы қызметті солар атқарсын. Олар иелігіндегі тракторларға жақсы қарайды.
Жиын соңында бірқатар басқармалар өздерінің қаулыларын оқыды. Оның тек біреуі ғана қабылданбады. Тағы аппараттық кеңесте облыс әкімінің орынбасары қызметін атқарған Анархан Дүйсеноваға Құмар Ақсақалов алғысын білдіріп, Құрмет грамотасын тапсырды. Өңірімізде 1991-ші жылдан бастап еңбек еткен Анархан Қалиқызы жұмыс орнын ауыстыруына байланысты аймақ басшысының орынбасары лауазымынан кетті.
Риат Шони