Аптадағы маңызды жаңалықтар

Петропавл қаласында мемлекет және қоғам қайраткері Бәйкен Әшімовтың ескерткіш-бюсті орнатылды

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Бәйкен Әшімұлы үкіметті басқарған кезде елімізде зауыттар мен фабрикалар салынды. Жаңа технологиялар енгізілді. Осындай азаматтардың есімін, еткен еңбегін келешек ұрпаққа жеткізу керекпіз. Ол біздің парызымыз.

Петропавл қаласының Құрметті азаматы Алик Дядин нар тұлғамен қызметтес болған. Ол Бәйкен Әшімовті тек жақсы қырынан таныпты.

Алик Дядин – еңбек ардагері, Петропавл қаласының құрметті азаматы:

– Бәйкен Әшімұлы Министрлер Кеңесінің Төрағасы қызметінде жүргенде республикамыздағы кәсіпорындарды электрлендіру, механикаландыру және өндірісті автоматтандыру істерін жүзеге асырды. Жаңа технологиялар енгізді. Соның арқасында энергетика, химия және жеңіл өнеркәсіп, машина жасау салалары қарқынды дамыды.

Биыл көктемде Петропавл темір жол көлігі колледжіне Бәйкен Әшімовтің есімі беріліпті. Бұл жаңалықты көпшілікке баласы Оңдасын Әшімов жеткізді.

Оңдасын Әшімов – ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі, М.Қозыбаев атындағы СҚМУ ректоры:

– Бүгін отбасымыз үшін тарихта қалатын күн. Петропавл қаласының әдемі жерінен, төрінен әкеміздің ескерткіші қойылып отыр. Алматыда әкемінің есімімен аталған көше мен мешіт бар. Жақында Қарағанды қаласындағы жаңа ықшам ауданға әкемнің есімі берілейін деп жатыр. Осының бәрі Елбасымыздың қолдауымен жасалып жатыр.

Мемлекет және қоғам қайраткері, соғыс ардагері Бәйкен Әшімовтың ескерткішін облыс әкімі Құмар Ақсақалов пен Бәйкен Әшімовтың ұлы Оңдасын Әшімов ашты. Ескерткіш басына өңір жетекшісі, қазыналы қариялар мен депутаттар, еңбек ұжымдары мен оқушылар кезекпен келіп гүл шоқтарын қойды. Ескерткіш-бюстің авторы – Қазыбек Сатыбалдин. Алматылық мүсінші 2 ай бойы еңбектенген.

Ескерткіштің тасын таза граниттен жасап, бюстті қоладан құйған. Аға буын бабалар аруағына әрдайым тағзым етуді ұмытпайтын жастардың қатары көп боларына сенімді. Өткен-кеткен мейман бұл адам көзі тірісінде кім болған деп сұрайды. Сол кезде әрбір қандасымыз сол сұраққа жауап беруге әрдайым әзір тұрғаны абзал. Белгілі журналист Жарасбай Сүлейменов бұл ескерткіштің жастарды тәрбиелеуде үлкен маңызы бар дейді.

Жарасбай Сүлейменов – “Солтүстік Қазақстан” облыстық қоғамдық-саяси газетінің бас редакторы:

– 14 жыл бойы Үкіметті басқарып, соңына сөз ертпеген адам. Бұл қызметіне адал болып, ар-намысты ту етіп көтерді деген сөз. Ол кісінің ішкі мәдениеті өте бай болды. Имандылығы ісінен, адалдыдығынан көрініп тұр. Бүгінгі жастарымызға керек қасиеттер осы.

Заман заңғары 93 жасқа қараған шағында дүниеден озды. Бүгінде Бәйкен Әшімов туралы 100 шақты кітап жарыққа шығыпты. Күзде Бәйкен Әшімовтың 100 жылдық мерейтойына орай өңірімізде зиялы қауым өкілдерінің қатысуымен ғылыми-тәжірибелік конференциялар, аймақаралық жастар форумы өтеді.

Берік Қасен