Әр түрлі

Биыл Петропавлда 45 балалар ойын алаңы орнатылады

Юрий Командриков – “Восток-11” ПИК төрағасы:

– Қалалық әкімдікке үй маңына балалар ойнайтын алаң керек деп өтініш жаздық. Тілегіміз қабыл болды. Бүгін міне тамаша әткеншектер орнатылуда. Енді, балаларымыз алысқа бармай, осы жерде уақыттарын қызықты өткізетін болды. Бұған әрине қуанышытымыз.

Іспен жергілікті “Strong servise” серіктестігінің мамандары айналысуда. Олар әр ойын элементін тиісті жерлеріне мықтап қойып жатыр. Әткеншектердің біразы орнатылыпты. Енді, ертең жауапты компания өкілдері шаруаны 100 пайыз аяқтамақ.

Данияр Нұрамчин – “Strong servise” ЖШС маманы:

– Бұл жерге таңғы 10-дар шамасында келдік. Алдымен пәтер иелері кооперативі төрағасымен ауланы қарадық, әткеншектерді қай жерге орнату керектігін ақылдастық. Серіктестіктің 4 маманы бұл іспен айналысуда. Жұмыс толығымен бүгін бітпейді. Ертең, мұнда тағы бірнеше әткеншек әкеліп қоямыз.

Биыл Петропавлда 45 ойын алаңы орнатылады. Олардың басым көпшілігі қала тұрғындарының өтініші бойынша тұрғызылуда. Бүгінгі таңда 30 алаңқай кішкентай қала тұрғындарының игілігіне берілді. Әткеншектердің құны әр түрлі.

Дархан Айтпаев – Петропавл қаласы ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бас маманы:

 


–  Қала әкімінің есептік кездесуінде тұрғындардан балалар алаңқайын тұрғызу бойынша 26 өтініш түсті. Солардың барлығы ескерілді. Айта кетейік, құрылыстың құны әткеншектердің санына байланысты. Егерде, ескі алаң жаңаланса аз қаражат жұмсалады. Ал, алаң қайтадан жаңадан тұрғызылса 1 млн теңгеге дейін қаражат жұмсалады.

Қаламызда көппәтерлі үй маңдарына ойын алаңдарын тұрғызу тамыз айының 15-ші жұлдызына дейін жалғаспақ.

Байболат Бектемірұлы