Құқық қорғау органдары

Петропавлда атыс ұйымдастырған 3 жігітке қатысты қылмыстық іс қозғалды

29-шы шілденің кешінде Пушкин мен Партизан көшелерінің қиылысында Ерболды бәз біреулер сол аяғынан шолақ мылтықпен атып, тістерін сындырып және басын жарып табандарын жалтыратқан. Салдарынан жас жігіттің аяғын дәрігерлер тізеден төмен кесіп тастауға мәжбүр болды. Бүгін бұл іске қатысты облыстық прокуратурада баспасөз-мәслихаты өтті. Жиында қадағалаушы орган өкілдері мәселенің анық-қанығын нақты ашып айтқан жоқ.

Тіпті, қатысушылардың аты-жөндері де ресми түрде жарияланбады. Тек, бізге жұманың түнінде Ерболға соққы бағыттап, травматикалық тапаншадан оқ жаудырғандардың бостандықта қашып жүргендері мәлімделді. Оларға бүгіннен, яғни тамыздың 2-ші жұлдызынан бастап іздеу салынды. Ал, өрімдей азаматты сол аяғынан айыруға себепші болған 3 азамат бірден қолға түскен. Күдіктілерді полицейлер Ойқала ауданында ұстайды.

Жігіттер мінген көліктен бірнеше дана қару-жарақ, арматура мен жуан таяқтар табылған. Жастардың жасаған әрекеті үшін ҚР Қылмыстық кодексінің 287, 99 және 293-ші баптары бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қала тұрғындарының іске қатыстары бар екендіктері дәлелденсе 15-тен 20 жылға темір торға қамалады.

Александр Трикачев – Петропавл қаласының прокуроры:

– Қазіргі таңда болған оқиғаға қатысты тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Қолға түскен күдіктілер тергелуде. Ал, іздеу салынған жігіттер қолға түскен жоқ. Жәбірленушімен тілдесу мүмкін болмай отыр. Өйткені, оның жағдайы ауыр, ештеңені ашып айта алмайды. Сол себепті, біз, Ербол Хамитовты атқан азаматтардың бір-бірлеріне қатысы бар-жоғын әлі білмейміз. Болашақта істің ақ-қарасы анықталатын болады.

 

Култанов Байболат