Денсаулық сақтау

Облыс орталығында “Қауіпсіз тауарды таңдап ал” акциясы өткізілуде

Светлана Фефелова – қала тұрғыны:

– Бүгін ірімшік сатып алдым. Лабораторияның орналасқанын пайдаланып, өнімді тексеруді шештім. Бір минут ішінде нәтижесі дайын болды. Енді, алдағы уақытта да еш қорықпай сатып алуға болады.

Аймақтық ұлттық сараптама орталығы филиалының мамандары ет өнімдері мен балыққа да сынама жасады. Олардың айтуынша, бұл тауарды сатып алған кезде ерекше мән берген жөн. Ірі қара мен доңыз етінде түрлі паразиттік инфекциялар кездесуі мүмкін. Әзірге, сараптама жасалған өнімдерден бұндай аурулар табылмады.

Евгения Горленко – СҚО бойынша ұлттық экспертиза орталығы филиалының бактериологиялық лабораториясының маманы:

– Еттің сынамасын алып, финна мен тарихина құрттарына тексеріс жүргіземіз. Өгіз таспа құрты бар сиыр етін жегендер осы ауруды жұқтырып алуы мүмкін. Бұндай өнімді пайдаланғаннан кейін, 3 айдан соң адам ағзасында паразит пайда болады. Дене температурасы көтеріліп, басы ауырады. Сондай-ақ, қатты жүдеп кетуі мүмкін. Аталмыш инфекцияға шалдыққан доңыз етін жесеңіз де арты ауруға алып келеді. Жалпы, өңірімізде биылғы жылы бұндай фактілер тіркелген жоқ.

“Қауіпсіз тауарды таңдап ал” акциясы Алтын Арман базарында да жүргізілді. Бірер сағат ішінде мамандар көмегіне 30-ға жуық адам жүгінген. Олардың он шақтысы көкеніс пен жеміс-жидекті сараптамадан өткізуге ниет білдіріпті. Нитрат мөлшеріне тексерілген өнімдердің барлығы талапқа сай.

– Мен қияр мен қызанақ сатып алып, сараптама жасаттым. Айтар мінім жоқ, енді көкеністерді қорықпай алуға болады.

– Базарлардан қандай да бір тауарды сатып алғанда оның сапасына қобалжумен қараймыз. Өз басым бүгін сатып алған бәлішімді тексертіп алдым. Лаборатория лезде жауабын берді. Өнімнің денсаулыққа еш зияны жоқ.

Бұндай акциялар айына екі рет ұйымдастырылмақ. Жалпы, сараптаманы теріскейліктер өңірлік ұлттық сараптама орталығына барып жүргізулеріне болады. Аталмыш орталық Мир көшесi 236 мекен жайында орналасқан.

 

Эльмира Садвокасова