Спорт

Жыл басынан шаһарымыздың 3 ауласына дала тренажерлары орналастырылған

Эльмира Сәдуақасова – тілші:


– Денсаулығыңызды жақсартып, дене бітіміңізді бірқалыпта ұстау үшін фитнес клубқа бару міндет емес. Себебі, 2015 -ші жылдан бастап шаһарымыздың түкпір-түкпірінде мынадай алаңдар орнатылуда. Енді, қалаған уақытыңызда таза ауада спортпен шұғылданып, күніңізді тиімді өткізуге болады.

Бұндай жаттығулар, сондай-ақ, жүрек және ми қызметіне де өз септігін тигізеді. Бұған қоса, иммунитетті де жоғарылатады. Мына алаң Жамбыл көшесі, 170 үйінің ауласында орналасқан. Салауатты өмір салтының маңызы мен спорттың пайдасын түсінетін қауым таң атысымен осы тренажерлық кешенге келеді. Бұл жердегі жаттығу құрылғыларының сан алуан түрі бар. Бірі қол және аяқ бұлшықеттерін дамытуға бағытталса, басқалары қан айналымын жақсартады.

–  Маған бұл жерде өте ұнайды. Аптасына екі рет келемін.

– Алаң барша жұрттың көңілінен шығады. Бұрын бұл жерге арам шөп қаптап тұратын. Қазір болса, балалардың серуенге шығып, үлкендердің спортпен айналысатын жеріне айналды.

Бұндай бастаманы зейнеткерлер қауымы да қолдауда. 78 жастағы Бақыт Бекахметова осы кешенге уақытылы келіп, спортпен айналысады екен. Бүгін де кейуана күн тәртібін бұзбай, әдеттегі жаттығуларын жасауда.

Бақыт Бекахметова – зейнеткер:

– Ауламызға қалалық әкімдік мынадай спорттық кешен орнатып берді. Өте ризамыз. Күн сайын 77 жастағы көршіммен шығып, спортпен шұғылданамыз. Келетін адамдар көп, оларды қатарында кішкентай балалар да бар.

Тұрғындардың сөзінше, спорттық алаңға таң атысымен, кеш батқанша ондаған адам келеді екен. Әсіресе, кешкілік уақытта олардың саны тіптен көбейеді. Жалпы, жыл басынан қаламызда осы сынды 3 тренажерлық кешен орнатылған. Жоспарға сәйкес, бұндай құрылғылар тағы 8 аулада болмақ.

Дархан Айтпаев – Петропавл қаласы ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің инспекторы:

Жаттығу құралдары кешенін орнатуға 10 млн теңдеген астам қаражат бөлінген. Қазір мердігер компаниялар да анықталды. Жұмысты “Еңбек-Астана” және “Стронг сервис” серіктестігі атқармақ. Спорттық алаң орнатылатын мекен жайлар қала әкімінің тұрғындармен есептік кездесуі барысында анықталды.

Атап өту қажет, жаттығу құрылғылары кез келген ауа райына шыдас беріп, істен шықпайды екен. Мәселен, үлкен мен кішілердің сүйікті орнына айналған мына кешен әлі де су жаңа күйінде. Бұл алаңда 2 жыл бұрын алғашқылардың бірі болып орнатылған еді.

 

Эльмира Сәудақасова