Тамара Гоцак – “Гоцак” шаруа қожалығының басшысы, Ақжар ауданы:
– Бізде 2730 гектар егіс алқабы бар. Оның 2310-на – бидай, қалған 420 гектарына арпа ектік. Келер жылы осы 420 гектарды парға қалдыруды жоспарлап отырмыз. Үш жаңа комбайн, егін егу кешенін алдық. Көктемде техникаға 9 млн теңге субсидия алдық. Сондай-ақ, 28 қазақтың ақ бас сиыры бар. Ақырындап мал басын
“Гоцак” шаруа қожалығы – отбасылық бизнес. Тамара Ивановнаның баласы да, немересі де осы кәсіппен айналысады.
Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– Бұл кісі мектепке де көмектесіп, ауылда өтетін шараларға да белсенді қатысады. Осылай жұмыс істеу керек.
Ауданда бос жатқан жерлер бар. Көктемде аймақ басшысы оларды жыртып, келер жылғы егін егу науқанына дайындауды тапсырған болатын. Бүгін Құмар Ақсақалов сол міндеттің орындалғандығын байқады. Аудан әкімі Серікбай Тұралиновтың айтуынша жергілікті жерде 25 мың гектар жер жыртылады. Қазір оның 10 мыңы тиісті өңдеуден өткен.
Серікбай Тұралинов – Ақжар ауданының әкімі:
– Аудан бойынша біз 16 мыңның орнына 25 мың гектар жер жырттық. Бұл қосымша егіс алқабы, халыққа жұмыс.
Ал, бұл – Ақжарқын ауылдық округының мәдениет үй. Негізі 64-ші қаланған. Мұнда түрлі үйірмелер бар. Оған 70-ке жуық адам келеді. Ал, шығармашылық ұжымдар аудан және облыс орталықтарына шығып, сайыстарға да қатысады. Биыл нысанда жергілікті кәсіпкерлердің қолдауымен жөндеу жұмыстары жүріп жатыр.
Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– Халықтың мәдениеттілігі арту керек. Домбыра, би, хор сынды үйірмелер арқылы жұмыс жасау керек.
Сонымен қатар, облыс әкімі елді мекендегі фельдшерлік амбулаторлық пункттің де жұмысымен танысты. Қазір ауылда түрлі дертпен 85 адам есепте тұр. Олардың барлығы тиісті ем-дом шараларын уақытылы алып тұрады.
Инна Васильева – Ақжарқын ауылдық округының фельдшері, Ақжар ауданы:
– Олардың барлығы әрдайым тегін медициналық көмек алады. Үш ай сайын диспансерлеуде болады. Арнайы тексерістерден өтіп, тегін дәрі-дәрмекпен қамтылады.
Тағы Құмар Ақсақалов “Қазпошта” АҚ-ның бөлімшесімен танысты. Мұнда тұрғындар салық, телефон төлемдерін жасап, газет алуға жазылады.
Аймақ жетекшісі Құмар Ақсақаловтың Ақжар ауданына жасаған іс-сапары мәдениет үйінде өткен жиында қорытындыланды. Бұнда халық алдында алғашқы жартыжылдықта атқарған істерді Ақжар ауданының әкімі Серікбай Тұралинов баяндады.
Серікбай Тұралинов – Ақжар ауданының әкімі:
– Ауданда алғашқы жартыжылдықта бір гектар үшін 1340 теңгеден салық жиналды. Бірақ, бұл тым аз. Облыс бойынша аталған көрсеткіш – 2500 теңге. Жыл сайын біздің ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері 100-150 млн теңге салық төлемейді. Бюджетті игеру көрсеткіші 99,3 пайызды құрады. 11 млн теңге игерілмеді. Биыл ауданда егіс алқабының көлемі 267,4 мың гектарға жетті. Осы жылы ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерімен 2266 тонна минералды тыңайтқыш алу бойынша меморандум жасалған. Алайда, 6 айдың ішінде 907 тонна ғана алынды. Бұл жоспарды орындаудың 40 пайызы болып тұр.
Ауданда 267 ауыл шаруашылығы құрылымдарының тек жетеуі ғана минералды тыңайтқыштармен жұмыс жасайды. Мұны мінберде баяндама жасаған облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Алтынбек Абдуллаев баяндап берді. Оның айтуынша ауданда ірі қараның басы – 33,5 мың. 234 агроқұрылымның тек 44-і ғана мал шаруашылығымен айналысады. Кей мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асырылмаған. “Құлан”, “Алтын асық” бойынша тапсырыстар берілмеген. Ал, “Сыбағада” жоспар толық орындалмапты.
Жыл басынан ауданға 2,3 млрд теңге инвестиция тартылған. Бұнымен ақжарлықтар облыста 9-шы орында тұр.
Жеңіс Асанов – СҚО индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары:
– Ауданда сыртқы қаржы салу үлесі 6 ай қорытындысы бойынша небәрі 0,14 пайызды құрады. Соңғы үш жылда өңдеу өнеркәсібіне қаржы салу 4,6 млн теңгеге жетті. Бұл ең төменгі көрсеткіш.
Ауданда 8,7 мың адам еңбекке қабілетті. Тағы мұнда жұмысшыларға төленетін жалақы аз. Кей шаруалар өз еңбеккерлеріне 36 мың теңге айлық төлейді. Облыс әкімі бұларды сынға алды.
Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– Ауыл шаруашылығы саласына біраз көмек беріліп жатыр. Енді кәсіпкерлер халықты, елді ойлап жұмыс орындарын ашу керек. Мал өсіріп, өсімдік шаруашылығымен айналысып, жұмыс берулері қажет. Мен соны талап етемін.
Кездесуде ретін пайдаланып тұрғындар күрмеуі тарқамай жүрген сұрақтарын қойды. Дені жол, жолаушыларды тасымалдау, интернеттің жоқтығын айтты. Бұны аймақ басшысы бақылауға алып, алдағы уақытта біржақты етілетіндігін жеткізді. Жиын соңында Құмар Ақсақалов шаруаларға еңбеккерлердің жалақысын арттырып, мемлекеттік бағдарламаларға белсенді қатысуға шақырды. Тағы өнімдерді шекаралас Омбы облысына саудалауға аса көңіл бөлу керектігін міндеттеді. Тапсырманың нәтижесі күзде тексеріледі.
Бұдан соң аймақ жетекшісі Уәлиханов ауданына барды. Бұл – “Қайыңды” серіктестігінің күнбағыс еккен алқабы. Кәспорын басшысы Сүйіндік Жолдасбаев тағы “Жолдасбай-Агро” фермерлік шаруашылығына да жетекшілік етеді. Мұндағылар 2 мың 300-ге күнбағыс, 835 гектарға рапс егіпті.
Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– Майлы дақылдарды көптеп егіпті. Нәтижесі жақсы сияқты. Өнімді енді күзде көреміз.
Серіктестік үнемі минералды тыңайтқыштармен жұмыс жасайды. Тағы мал шаруашылығын да біртіндеп дамытуда.
Сүйіндік Жолдасбаев – “Қайыңды” ЖШС директоры, Уәлиханов ауданы:
– 26 мың гектар жер бар. 4 мыңы парға қалдырылды. Биыл 16 млн-дай субсидия алдым. 1 мың бастай қара мал бар.
Уәлиханов ауданына жұмыс сапары барысында өңір жетекшісі мәдениет үйінде жергілікті тұрғындармен кездесті. Мұнда ең әуелі алғашқы жартыжылдықта атқарылған істердің қорытындысын аудан әкімі Медет Оспанов баяндады. Жыл басынан ауыл шаруашылығындағы жалпы өнімнің көлемі 3 млрд 452 млн теңгені құрады. Мұндағы егістік алқаптың аумағы 249,5 мың гектарды құрап отыр.
Медет Оспанов – Уәлиханов ауданының әкімі:
– 170,3 мыңға дәнді дақылдар, 35 мың гектарға майыл дақылдар егілді. Елбасы тапсырмасына сай майлы дақылдардың аумағы ұлғайды.
Биыл мұнда жауын-шашын аз болып тұр. Норма 50 мм болса, соның тек 33-і ғана жауған. Жұмысқа кедергі болғанымен ырыздық бітік шығуда. Тағы ауданда мал басы артқан. Алдағы уақытта “Золотая Нива Юг” серіктестігі 200 басқа арналған бордақылау алаңын ашпақ. Тағы кооперативтерде құрылып жатыр.
Бұдан соң облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары бұл саладағы кенжелеп тұрған тұстарды тізді.
Алтынбек Абдуллаев – СҚО ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:
– 213 агроқұрылымның ішінде тек 47-сі ғана мал шаруашылығымен айналысады. Қалғандарының пайдаланатын жерлері бар болса да айналыспайды.
Кездесуде Уәлиханов ауданында да кей кәсіпкерлер жұмысшыларға 23-30 мың теңге көлемінде ғана жалақы төлейтіні белгілі болды. Аймақ басшысы Құмар Ақсақалов шаруаларға халықтың қамын жасауды міндеттеді. Тиісті деңгейде еңбекақысын беріп, тоқсан сайын зейнеттік жарнасын да аударуды тапсырды. Халықтың қамын ойлайтын кәсіпкерлерге бой түзеу керектігін де қадап айтты.
Жиында тұрғындар өз сауалдарын да жолдады. Көбі аудан орталығы Кішкенекөлде жарықтандыру және жолдың сапасына наразы. Бұл мәселе аладағы уақытта шешілмек. Кездесу соңында аймақ басшысы аудана активіне барлық бағыттта жұмыстарға қарқын қосуды міндеттеді. Енді өңір жетекшісі берілген тапсырмалардың орындалуын екі айдан соң ауыл-ауылды аралап жүріп тексермек.
Риат Шони