Аптадағы маңызды жаңалықтар

СҚО әкімі Құмар Ақсақалов жұмысы сапарымен Аққайың және Тайынша аудандарында болды

Любовь Котляревская – “Петропавл Норд” ЖШС өкілі:

– Ғимарат ішінде орын көп болу үшін кассаны бұрышқа қарай алуыстырамыз. Ортаға орындықтар қоямыз. Оң жақта жылы бокс болады. Ол жерде жолаушылар келген автобусты күтіп алады. Ішін әдемілеп, барлық талаптарға сай етіп жасаймыз.

Құрылысқа қажетті қаражат пен материалдар жеткілікті. Сапаржай ғимараты жоспар бойынша тамыз айының ортасында қолданысқа тапсырылуы тиіс. Облыс әкімі сол кезде келіп, атқарылған жұмысқа бағасын беретінін айтты.

Аймақ басшысы сапаржайдың жанында орналасқан сүт қабылдау және өңдеу пунктін көрді. Кәсіпорын күзге қарай жұмысын бастайды. Мұнда пастерленген сүт, йогурт, қышқыл тағамдар әзірленетін болады. Жобаны жеке кәсіпкер Евгений Данько іске асыруда. Ол ақтың барлығын тұрғындардан жинап, оны салқындатқыш танкерлерде сақтайды.

Евгений Данько -“СПК МОЛ ТД” өндірістік кооперативінің төрағасы:

– Біз сүтті Аққайың ауданына қарасты 4 округтен қабылдаймыз. Тұрғындардан литрін 85 теңгеден сатып аламыз. Адамдар малдың басын арттыруға ынта танытып жатыр. Себебі, ақты тапсырып мол табыс табуға болатынын білді. Ай сайын 80-100 мың теңге табатын отбасылар бар. Григорьевка селосында тұратын бір әйел 20 сиыр ұстайды. Ол да бізге сиыр сүтін тапсырады. Бір айдың ішінде 300 мың теңге жинап алады.

Мал басын, әсіресе, ірі қараны көбейтуге екпін беру керек. Сүт, ет сатып жақсы табыс табуға болады. Осылай деген Құмар Ақсақалов келешекте өнімді өткізуде қиындық туындамайтынын жеткізді. Жергілікті атқамінерлерге шикізатты өткізу механизмдерін қарастыруды тапсырды.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Адамдар біреуге жалданбайды. Өз еңбегімен нанын тауып, отбасысын асырай алады. Ауылды жерлерде тұратын азаматтардан ет, сүт, жеміс, көкөністер артылып жатса бұл бізге жақсы. Мемлекет олардан аталмыш өнімдерді жақсы бағаға сатып алып, оны өткізуге көмектеседі. Біз бизнесмендерге су және электр желілерін өткізіп беруге жәрдемдесеміз. Бәрі тегін болады. Тек кәсіпкерлер жақсы жұмыс істеп, мейлінше көп адамды тұрақты еңбекпен қамтыса игі.

Сүт қабылдау және өңдеу пунктінде оператор, жүргізуші және күзетшілер жұмыс істейтін болады. Кәсіпкер Евгений Данько 10 адамды еңбекпен қамтымақшы.

Бүгінде облыс бойынша бірнеше кооперативке 10 мың адам бірігіпті. Олар енді ешбір делдалсыз өнімдерді тікелей зауытқа тапсыра алады.

Өңір жетекшісі Смирново селосының абаттандырылуын көріп шығып, Григорьевка селолық округіне жол тартты. Танап басына барып, бидай, зығыр өсіп тұрған жерлерді қарады. “Парунов” ЖШС-нің алқабынан кілтипан тапты.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Мына жерде арам шөптер көп өсіп кеткен. Олар күзде тұқымын шашып жан-жаққа жайылып кетеді. Химиялық өңдеу жұмыстарын неге жүргізбедіңіз. Сіз мемлекетен жылда субсидия алып тұрасыз ғой.

Мына жерлерге “Симарго” компаниясы дәнді және майлы дақылдардың тұқымын сіңіріпті. Облыс әкімі бұл жерде агро-техникалық шаралар жақсы жүргізілген деді. Кәсіпкер Владимир Пожиткин былтыр осы жерде гектарынан 40 центнерден өнім алыпты. Биыл да сол мөлшерде боларына сенімді.

АШ Тәжірибе станцияларына қарасты алқаптада арам шөптер жоқ, өсімдіктер тат ауруынан қорғалған.

Белгібай Канафин – “СҚ АШ Тәжірибе станциясы” ЖШС басшысы, Аққайың ауданы:

– Біз дақылдың 6 түрін өндіреміз. Элиталы тұқымдарды өсіреміз. Биыл 6 мың тоннаны шаруаларға өткізбекшіміз.

Осы күні Құмар Ақсақалов Аққайың ауданындағы алқаптарды аралап, 70 км-ді жүріп өтті. Диқандар облыс әкімінің көктемде жасаған ескертуін ескерген көрінеді. Алқаптардағы өнім жайқалып тұр.

Кейін өңір жетекшісі аудан активі және аграрийлердің басын қосып, жиналыс өткізді. Жиында Аққайың ауданының әкімі Дәурен Байтөлешов жарты жылда атқарған жұмысы жайында есеп берді. Жақсы сандардан құралған “әдемі” баяндамасын оқып берді. Бірақ, оның бәрін Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Қайрат Омаров теріске шығарды. Ауданда мүйізді ірі қара, ұсақ мал басы былтырғы көрсеткішпен салыстырғанда өспеген.

Жарты жылдық жоспар небары 6 пайызға орындалған. Кәсіпкерлер өсімдік шаруашылығынан басқа ештеңемен айналыспайды. Мемлекеттен субсидия алады, бірақ жерді өңдемейді. Мұны аймақ басшысы сынға алды. Құмар Ақсақалов ауданға келердің алдында фискалдық органдар мен зейнетақы жинақтау қорындағы мәліметтердің бәрін біліп алған. Қай компания жұмысшыларына төмен жалақы төлейтінін анықтапты.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Аграрийлерге мемлекет үлкен қолдау көрсетуде. Өкінішке қарай, сол жақсылықтың бәрі қайтарымсыз. Халыққа тигізген пайдаларың шамалы. Еңбеккерлерге төлейтін жалақыларың мардымсыз. Зейнетақы қорына жарнаны уақытылы аудармайсыздар. Ауыл адамдарын маусымдық жұмыстарға ғана тартасыздар. Қыс бойы олар бос жүреді.

Өңір жетекшісі “айға қарап отырған” қадағалаушы органдардың жұмысына мін тақты. Тиісті еңбекақысын ала алмай жүрген адамдардың шағымы ескерілмеген деді. Жергілікті атқарушы органдарға инвестиция тарту, мал басын көбейту, екбекке қабілетті адамдардың барлығын тұрақты жұмыспен қамту, айлық жалақыны облыстың орташа көрсеткіші 95 мың теңгеге дейін көтеруді тапсырды.

Күннің екінші жартысында Құмар Ақсақалов Тайынша ауданындағы алқаптарды аралады. Мұнда зығыр, бидай, күнбағыс өсімдіктері жайқалып өсіп тұр.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Биыл ауыл шаруашылығы саласына 44 млрд теңге субсидия бөлінді. Бұл былтырғымен салыстырғанда 12 миллиардқа көп. Шаруалар майлы дақылдарды көп өсіру керек. Майлы дақылдардың тоннасы 120 мың теңгеден жоғары.

Ондаған алқапты аралап шыққан соң өңір басшысы Тайынша ауданынның орталығына соқты. Онда аудан әкімі Ержан Иманслямның жарты жылдық есебі тыңдалды. Мұнда да Аққайың ауданындағы сияқты мәселелер жетіп артылады. Тұралап тұрған кәсіпорындар көп, еңбеккерлердің жалақысы аз. Құмар Ақсақалов аграрийлерге жұмысшылардың айлығын кемі 20 пайызға көтеруді тапсырды.

Тайынша ауданында кадр тапшылығы мәселесі өткір тұр. 7 дәрігер, 40 мұғалім жетпейді. Көбінесе шалғай аудандарда мамандар жоқ. Ауылға келген жас мамандардың жағдайын ірі шаруашылықтар жасап беретін болды. Осы жауапкершілікті Құмар Ақсақалов соларға жүктеді.

Берік Қасен