МТРА жаңалықтары

ЭКСПО жаңалықтарына кезек берсек. Халықаралық көрме павильондары арасында келушілерді қабылдау саны бойынша дода жалғасуда.

Қазақстандық “Нұр Әлем” келушілерді қабылдау саны бойынша әлі көш бастап тұр. Екінші орында – ресейліктер. Мұнда сенбі күні үш жүз мыңыншы келуші тіркелген. Ол – Астана тұрғыны Ардақ Аюпбаева. Елордалық азаматшаны көршілес мемлекет өкілдері гүл шоғы және кәдесыйлармен қарсы алып, жеке экскурсия жүргізді. Келуші 8 қыркүйек бастау алатын Ресейдің ұлттық күніне шақыру да алды. Ал Оңтүстік Корея павильонында аталмыш рекорд сейсенбі орнатылды.

Бұл күні мұнда екі жүз мыңыншы келуші тіркелді. Оңтүстік Қазақстан облысының тумасы Байболат Бейсеновты күншығыс елі павильонының директоры жеке құттықтап, су жаңа смартфон сыйлады. Бүгін де ЭКСПО қалашығында ине шаншар жер жоқ. Иордания мемлекеті де өзінің ұлттық күнін атап өтуде. Көрермен қауымға Аммана қаласы басшылығының ансамблі ән шырқайды. Ал, Финляндия балалар күнін атап өтуге шақырады. Кішкентай көрермендерді ертегі кейіпкерлері қатысатын әсерлі шоу және аквагрим бойынша шеберлік сағаттары күтеді. Күні бойы балаларды сүретке түсіріп, кешке аталмыш суреттермен финляндиялық павильонды әшекейлеу көзделген.