МТРА жаңалықтары

СҚО әкімі Құмар Ақсақалов Есіл ауданында болды

 

Спасовкаға бет алыста аймақ басшысы Тауағаш ауылына да соқты. Мұнда Құмар Ақсақалов “Асылхан” шаруа қожалығымен танысты. Компания басшысы Гүлмира Жанабекова облыс әкіміне иелігіндегі қос танкерді көрсетті. Ауылдан күніне 300 литрдей сүт сатып алынады екен. Бірақ, танкерлердің сыйымдылығы 2 тоннадан астам.

Гүлмира Жанабекова – “Асылхан” шаруа қожалығының басшысы, Есіл ауданы:

– Өз қаржымызға трактор алдық. Сүт таситын көлігімз де бар. Ауылдан сүт аз жиналады.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Біз осылай ауылдарға шығып, кімнің қалай жұмыс істеп жатқанын көріп жүрміз. Тескеріс жасап жатырмыз. Мемлекеттік бағдарламаның қалай жүзеге асырылып жатқанын да байқап отырмыз.

Тауағаштан кейін аймақ басшысы Спасовка селолық округіне келді. Мұнда 245 адам тұрады. Елді мекенде мектеп те бар. Бірақ, үш қабатты ғимаратта бар-жоғы 6 бала оқиды. Ал шағын орталықта 5 балғын тәрбиеленеді.

Алена Ткач – Спасовка бастауыш мектебінің меңгерушісі, Есіл ауданы:

– Ауыл тұрғындары жұмыс іздеп көрші елді мекендерге, қалаға көшіп кетуде. Биылғы жылы 10 отбасыдай кетіп қалды.

Мәселені бір жақты ету үшін биылғы жылы Спасовкаға аудан басшылығы Оңтүстіктен 8 жанұяны көшіріп алып келіпті. Бірақ, жұмыс табу қиын бұл жерде.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Ауылдың жағдайына, тұрғындарға қарап мұнда жұмыс істеп жатқандар жоқ деуге болады. Шаруа қожалықтары жерге тиісті деңгейде қарамайды. Олар күз уақытында егінді жинап алып, кетіп қалады. Мұндағы адамдарда олардың шаруасы жоқ. Тек өзінің қара басын ойлайды. Бұндай диқандар салықты 10 есе көп төлеулері керек. Мемлекеттен көмек алғанда керемет, ал халыққа жұмыс, жалақы бергілері келмейді.

Бүгінде Спасовка селолық округінің өзінде 680 адам тұрады. 2-ақ шаруа қожалығы бар. Оның біреуінде – 4, келесісінде 3 жұмысшы ғана еңбек етеді. Жалақылары 30 мың теңгеден аспайды. Соның бірі – “Жанғали” серіктестігі. Компанияның иелігінде 3 мың 507 гектар егіс алқабы бар. Өткен жылы 2 млн-теңгеден астам салық төлеген. Ал, мемлекеттен 4 млн 297 мың теңге субсидия алған. 301 гектар жерді парға қалдырыпты.

Бұл жерлердің бүгінгі күйін көрген аймақ басшысы Құмар Ақсақалов серіктестікті қатаң сынға алды. Өйткені, мұнда арам шөп самсап тұр. Жалпы көрініс әуеден де бақыланды. Бірақ, парға қалған алқаптың шетін табу мүмкін болмады. Тіпті, “Жанғали” серіктестігінің өкілі Қайрат Сыздықовтың өзі де көрсете алмады. Өңір жетекшісі облыстық жер инспекциясына тексеріс жүргізіп, бұл серіктестікке айыппұл салу қажет екендігін айтты.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Бұл селолық округ бойынша 21 мың гектар жер өңдеуде жатыр. Оның 1 мың 800 гектары – осындай парлар. 20 пайыз болу керек, бірақ сіздерде бар-жоғы 8,6 пайыз ғана. Өздеріңіз жұмыс істемейсіздер, оған қоса еңбек еткісі келетін халыққа да кедергі боласыздар. Қандай тамаша ауылдың быт-шытын шығарғансыңдар. Бұнда салық органдары келіп тексеріс жүргізуі қажет. Бұндай шаруалармен біз басқаша жұмыс жасайтын боламыз.

Аймақ басшысының Есіл ауданына жасаған іс-сапары Явленко селосында өткен жиында қорытындыланды. Бұнда ең әуелі аудан басшысы Мұратбек Әбішев алғашқы жартыжылдықта атқарылған істерге қысқаша шолу жасады.

Мұратбек Әбішев – Есіл ауданының әкімі:

– Былтырғы жылмен салыстырғанда көктемгі-дала жұмыстарында минералды тыңайтқыштарды пайдалану 1,7 есеге артты. Бұны қолданатын шаруа қожалықтарының да саны жыл өткен сайын өсуде. Жалпы ауыл шаруашылығының даму индексі өткен жылмен салыстырғанда 101,5 пайызды құрады. Аудан бойынша орташа жалақы – 96 мың теңге. Алғашқы жартыжылдықта 1598 адамды жұмысқа орналастыру жоспарланған. Бірақ, 939-ы ғана екі қолға бір күрек тапты.

Бұдан соң мінберге облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Қайрат Омаров шықты. Оның айтуынша ауданға ауыл шаруашылығы саласына тартылған инвестиция көлемі 1,2 млрд теңгені құрады. Бұл 13 ауданның ішінде 11-ші орынды құрады. Ал, мемлекет тыңайтқышқа жұмсалған ақшаның 50 пайызын қайтарса да мұнда 280 агроқұрылымның тек 28-і ғана оны пайдаланады екен. Тағы мал шаруашылығының дамуы да ақсап тұр. Ауданда мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асырылмайды.

Қайрат Омаров – СҚО ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:

– Алғашқы жартыжылдықта ауданда ірі қара малдың басы азайды. Қазір олардың саны – 25,6 мың. “Құлан”, “Сыбаға” бағдарламалары бойынша бірде-бір бас мал алынбады. Сонымен қатар, “Алтын асық”-қа да ешкім қатыспайды. Ауданда тағы ет пен сүтті қайта өңдейтін зауыт жоқ. Барлығы шеттен әкелінеді.

Ауданда 219 агроқұрылым болса, соның тек 33-і ғана ірі қара өсірумен айналысады. Өткен жылы олардағы малдың саны 8,7 мың болған. Ал, Қызылжар ауданындағы “Зенченко и К” КС өзінде 8 мыңға жуық ірі қара бар.
Кезек өнеркәсіптің даумына келді. Бұл салада СҚО индустриалды- инновациялық даму басқармасының басшысы Жанат Сәдуақасов аудандағы ахуалды баяндап берді.

Жанат Сәдуақасов – СҚО индустриалды инновациялық даму басқармасының басшысы:

– Алғашқы жартыжылдықтың ішінде ауданға 1,8 млрд теңге инвестиция тартылды. Бұл 13 ауданның ішінде 9-шы орынды құрайды. Тағы жеке инвестициялар 35,7 пайызға төмендеген. Ауыл шаруашылығына тартылған қаржы 20 пайызға түсті. Жыл соңына дейін аудан 5,4 млрд теңге инвестиция тарту керек.

Керісінше алға басу қажет көрсеткіштер ауданда құлдырап кеткен. Бұған аймақ басшысы Құмар Ақсақалов аудан әкімі мен активін қатаң сынға алды. Таяқтың ұшы жерге тиісті деңгейде қарамай жатқан шаруаларға да тиді.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Сіздердің беретін есептеріңіз қағаз күйінде әп-әдемі. Бірақ, біз бүгін ойда-жоқта шалғайдағы елді мекендері араладық. Нақты күйін көрдік. Жұмыссыздық көп. Шаруалар жерге қалай болса солай қарайды. Ол жер сіздердің жеке меншіктеріңіз емес. Мемлекеттікі ғой. Сіздерге жалға берілді. Ал, жасап жатқандарыңыз мынау. Жұмысшыларға беретін жалақы 30 мың теңге. Салықтың да 20 пайызын төлейсіздер. Бұл не деген сұмдық?

Аймақ басшысы Құмар Ақсақалов ауданда алғашқы жартыжылдықта атқарылған істерге көңілі толмағандығын айтты.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Аудан бойынша ауыл шаруашылығында 572 млн теңге салық төленіп, 535 млн теңге жалақы берілді. Ал мемлекеттен берілген субсидия 1 млрд 483 теңгені құрап отыр. Былай есептеп қарағанда салықты да, жалақаны да сіздерге мемлекет төлейді. Шаруалар бұлай жұмыс істемеуі керек. Бұл – біріншіден жұмыссыздықтың салдары. Аудан басшылығы ешқандай шара қолданбай отыр. Бүгін менің бұған көзім жетті. Жартыжылда атқарған істеріңіз бізді қанағаттандырмайды.

Жиын соңында аймақ басшысы Құмар Ақсақалов барлық бағытта жұмысты күшейту керектігін тапсырды. Әсіресе, ауыл шаруашылығы саласында. Сонымен қатар, ауданда жалақы кем дегенде 20 пайызға өссін деп қадап айтты.

 

Риат Шони