Татьяна Попова – №9 орта мектептің педагог-психологы:
– Негізінен жазатын мәселелері әр түрлі. Олардың дені жауапсыз махаббат, ата-анасымен ұрсысып қалу. Кей кездері өз замандастары арасында кикілжің де туындайды. Мұғалімдермен де келсіпей жатады. Осылай өмірден түңіліп кетеді. Бүгінгі семинар-тренингте маған бұл балалармен қалай жұмыс істеу керектігі үйретілді. Өз тәжірибемде қолданатын боламын.
Бұндай  семинар-тренингті “111” – ҚР балалардың құқығы бойынша Ұлттық колл-орталығы  ұйымдастыруда. Елордалық қонақтар бүгін педагог-психологтар және БАҚ өкілдерімен  кездесіп, өз ұйымдары жайында кеңінен баяндап берді. Колл-орталық өткен жылдың  қазан айында құрылыпты. Содан бері, түрлі мәселелермен ел тұрғындары қоңырау  шалып кеңес сұрайды екен. Ол үшін 30 оператор тәулік бойы жұмыс  істейді.
Шыңғыс Лепсібаев – “111” – ҚР балалардың құқығы бойынша Ұлттық  колл-орталығының жетекшісі, Астана қаласы:
– Қоңырау шалатындардың 20 пайызы балалар. Көбіне үлкен адамдар отбасыда туған дауға байланысты кеңес сұрайды. Жалпы біз өз-өзіне қол жұмсамақ болған 100 оқиғаның алдын алдық. Солтүстік Қазақстан облысынан осы күнге дейін 50 мың қоңырау шалынды. Ал ең көп рет бізге оңтүстіктікілер хабарласады.
“111” – ҚР балалардың құқығы бойынша Ұлттық колл-орталығының өкілдері бүгін 35 педагог-психологқа семинар тренинг өткізді. Енді ертең олар Ақмола облысына жол тартпақ.
Риат Шони