МТРА жаңалықтары

СҚО әкімі Құмар Ақсақалов жұмыс сапарымен Қызылжар ауданында болды

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:


–  Біз аудан дайындаған жоспар бойынша емес, өзіміз белгілеген мекемелерді аралап жүрміз. Басқа да мектептерге барып, жаңа оқу жылына дайындықтың қалай жүріп жатқанын тексереміз. Ауланы абаттандыру жұмыстарын қолға алу қажет. Оқушылармен гүлдер отырғызып, мектептің жан-жағын әдемілеп қоюға болады ғой.

Құмар Ақсақалов мектеп ішіндегі 75 орынға шақталған шағын орталықты да аралады. Мұнда ағымдағы жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Оған қажетті қаражатты аудандық әкімдік пен жергілікті кәсіпкерлер бөлген. Мектептің негізгі мақтанышы – мұражайы. Ол облыстағы білім ордаларының музейлері арасында ең үздік деп танылған. Бұдан кейін өңір жетекшісі ауданның егін алқаптарын аралады. «Агро Фирма Виноградовка» ЖШС-не келген Құмар Ақсақалов жердің қажетті мөлшерде игерілмей жатқанын көріп, серіктестік басшысы Адам Багеевты қатаң сынға алды.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Сіздер бұл жерде жұмыс істемей отырсыздар. Астық жоқ, жұмысшылар ақша алмайды, ал түптеп келгенде мемлекет зардап шегеді. Бұл мемлекеттің жері, сіздер жалға алып отырсыздар. Сондықтан, мемлекеттік жерді дұрыстап қолдану керек. Мыналарыңыз дұрыс емес.

Бұдан кейін өңір жетекшісі Қызылжар ауданының орталығы Бескөл ауылында аудан активімен жиын өткізді. Есеп берген аудан әкімі Болат Жұмабеков 2017 жылдың жарты жылдығына қысқаша шолу жасады.

Болат Жұмабеков – Қызылжар ауданының әкімі:

– Жыл басынан бері аудандық бюджетке 349 млн теңге түседі деп жоспарланған болатын. Алайда, жоспар 104 пайызға орындалып, 426 млн теңге қаражат түсті. Бұл өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 4 пайызға көп. Тұрғын үй құрылысы да қарқынды түрде жүзеге асып келеді. Бірінші шілде 48 мың шаршы метр баспана тапсырылды. Тағы бір 18 пәтерлі көпқабатты тұрғын үй салу жоспарда бар. Оның жобалық-сметалық құжаттамасы дайын.

Ауданның негізгі капиталына құйылған инвестиция көлемі жарты жылдың ішінде 5 млрд 245 млн теңгені құраған. Жиын соңында облыс әкімі Құмар Ақсақалов ауданның әлеуметтік-экономикалық әлеуетін одан әрі дамытып, алға қойған жоспарларды орындау үшін ерінбей еңбек ету қажеттігін ескертті.