Балалар

Облыстық “Сәбилер үйі” КММ ата-ана қарауынсыз қалған 38 бүлдіршін тәрбиеленуде

Лилия Черник, Сәбилер үйінің тәрбиешісі:


– Баланың тамақтануы жақсы. Даму деңгейі де қалыпты. Денсаулығында еш ақау жоқ. Кириллды перзентханадан алып келгеннен бері бағып келемін. Жұмысым өзіме ұнайды.

Қазіргі таңда бұл мекемеде түрлі себептермен ата-ана қарауынсыз қалған 38 бүлдіршін тәрбиеленуде. Балалардың жас ерекшеліктері әр алуан. Дүние есігін жаңа ашқан нәрестелерден төрт жасқа толған естияларға дейін. Бас дәрігер Лилия Федотованың айтуынша мекеме қабырғасында тәрбиеленіп жатқан бүлдіршіндер үшін қажетті жағдайлардың барлығы жасалған.

Лилия Федотова, Сәбилер үйінің бас дәрігері:


– Сәбилер үйі толыққанды мемлекет қарамағында. Мекеме қажетті нәрселердің бәрімен жабдықталған. Барлығы 5 топ бар. 38 тәрбиеші, 17 күтуші жұмыс жасайды. Жоғары санатты, тәжірибелі дәрігерлер мен педагог мамандар қызмет етеді. Сауна, бассейн секілді сауықтыру орталықтарымыз бар.

Қаршадай бүлдіршіндердің сәбилер үйіне түсу себебі де әр түрлі. Бірінен анасы перзентхана қабырғасында бас тартса, бірінің туғандары ішімдікке салынып кеткен. Сәбилердің кейбіреуі тұл жетім, ал кейбірі аталмыш мекемеге ата-ана шарасыздығынан түскен. Денсаулығы сыр берген бүлдіршіндер де жоқ емес.

Лилия Федотова, Сәбилер үйінің бас дәрігері:

– Бізде туғаннан денсаулығы нашар балалар да тәрбиеленеді. Көбінің орталық жүйке жүйесі зақымданған. Мұндай сәбилердің саны қазір 6. Оларға көрсетілетін күтім деңгейі жоғары.


Бұл логопед-дәрігердің бөлмесі. Мұнда тәжірибелі мамандар бүлдіршіндердің сөйлеудегі ақауларын емдейді. Ақ халатты абзал жандар әр баламен жеке жұмыс жасайды екен.

Бір қуаныштысы былтырғы жылмен салыстырғанда тастанды балалардың саны биыл біршама төмендепті. Ал асырап алуға ниет білдірушілердің қатары, керісінше, артып отыр. Соңғы жарты жылда жеткіншектердің үшеуі жаңа отбасын тапқан.

Лилия Федотова, Сәбилер үйінің бас дәрігері:

– Балаларды асырап алу үрдісі интернет желісі арқылы да жүргізіледі. Бұл асыраушыларды Қазақстанның түкпір-түкпірінен табуға мүмкіндік береді. Қажетті құжаттарды жинап, қойылған талаптардың бәрін орындаған отбасы баланы асырап алу құқығына ие болады. Жыл соңына дейін 6 бүлдіршінге жаңа отбасын табуды көздеп отырмыз.

Биыл мекмеде “Үміт” тобы ашылыпты. Мұнда қаржылық жағдайы төмен отбасыларда туған балалар уақытша тәрбиеленеді. Материалдық жағдайын түзеген соң ата-ана бауыр етін алып кетеді. Онымен қоса, үстіміздегі жылдың қыркүйегінен бастап сал ауруы және Даун синдромымен ауыратын бүлдіршіндерге арналған екі топ ашылмақ. Мұнда ата-анасының тәрбиесіндегі бүлдіршіндерге күні бойы сапалы медициналық және педагогикалық көмек көрсетілетін болады.

–  Әр бала өз үйінде, толыққанды отбасында өмір сүріп, тәрбиеленуге лайықты. Бірақ қазіргі қоғамда ата-ананың безбүйректігінен қараусыз қалған балалардың саны аз емес. Өңірімізде қаршасынан тағдыр тауқыметін кешіп жатқан бүлдіршіндер облыстық сәбилер үйінде тәрбиеленеді. Бірақ, ашығын айтайық, ананың аялы алақанын тәрбиеші махаббаты алмастыра алмайды.

Саят Ермек