МТРА жаңалықтары

Тайынша ауданында ірі өрт оқиғасы болды

Игорь Балеев – СҚО ТЖД Өрт қауіпсіздігі саласындағы бақылау және профилактикалық қызмет басқармасының бастығының орынбасары:

– Өрт сөндірушілер оқиға орнына жеткенде “Мериан” серіктестігінің шошқа өсіру кешенінің 1-ші корпусы жанып жатқан. Олар бірден тілсіз жауды ауыздықтауға кіріседі. Іске 30-дан аса адам мен 9 бірлік техника жұмылдырылды. Өрт келтірген шығын да аз емес. Қызыл жалынның салдарынан және иіс тиюден 120-дан аса мегежін мен торай қырылды. От шарпыған аумақ 3 мың 600 шаршы метрді құрайды.

Өрт нысан ішіндегі сымдардың қысқа тұйықталуынан тұтанды деген болжам бар. Қазір оқиға орнында комиссия мүшелері тергеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Қызметкерлер жалпы шығын көлемін жақын арада анықтамақ. Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мамандары өрт шыққаны туралы хабар кеш түсті деп отыр. Ақпар ертерек жеткен жағдайда отты бірден ауыздықтауға болар еді дейді.

Дмитрий Рябенко – СҚО ТЖД Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі бөлімінің бастығы:

– Өртті бірінші болып күзетші байқаған. Кейін ол директорға хабарласқан. Серіктестік басшысы электрикке қоңырау шалыпты. Ақыры, біраздан соң директордың өзі өрт сөндіру бөліміне телефон соғады. Осы уақыт ішінде от көп аумаққа шарпып үлгерген. Мамандарға бірден ақпарат түссе өртті көпке созбай сөндірер еді.

Жалпы, жыл басынан өңірде 391 өрт оқиға орын алған. Оның 130-ы Петропавл қаласында тіркеліп отыр. Қызыл жалын салдарынан 10 адам қаза тапты. Оның 2-уі – бала. Тағы, тілсіз жаудан 55 млн теңгеден аса материалдық шығын келген.

 

Култанов Байболат