Аптадағы маңызды жаңалықтар

Петропавлдағы білім ұяларында жөндеу жұмыстары жүріп жатыр

Юлия Турукина – “БЭСТ” гимназиясы директорының міндетін атқарушы:

– Қазір мердігер компания барлық жұмысты тыңғылықты атқарып жатыр. Жоба құны – 16 млн теңге. Олар іске мамырдың 16-ы кіріскен, тамызда аяқтау керек. Былтырғы жылы барлық терезелерді ауыстырып, дәретханаларды жөндедік. Оған 30 млн теңгеге жуық қаражат жұмсадық.

Сондай-ақ, мұнда ағымдағы жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Оған білім ұясы жеке қаржысын жұмсаған. Барлық іс жаңа оқу жылы басталғанға дейін аяқталмақ. Айта кету керек, биылғы жылы қаладағы 6 мектеп күрделі жөндеуден өтпек. Оған 227 млн 871 мың теңге қаражат бөлінген.

Болат Серікпаев – Петропавл қалалық білім бөлімінің инженер-құрылысшысы:

– Оның 165 млн-ы облыстық, 65 млн-ы жергілікті бюджеттен бөлінді. 2 мектепте шатыр ауыстырылады, біреуінде терезелер жаңартылса, келесісінде жертөледегі жылыту жүйесі жөнделмек. Ал №13-ші мектепке геотермальды сорғы орнатылады. Бұл пилоттық жобаның арқасында нысан іші қыс мезгілінде жақсы жылытылады. Таға қала әкімінің тапсырмасымен білім ұяларының ауласына асфальт төсеуге 12 млн теңге ақша бөлінді. Қазір бұл іс 8 ғимаратта тындырылған.

Бұдан бөлек 42 білім беру мекемесі жуып-шаю жұмыстарын жүргізіп, қысқы жылыту маусымына дайындығы жөніндегі құжаттарын алған.

 

Риат Шони