Бүгін бұл залға жиылғандар аталмыш жүйенің пайдасымен, кәсіпорын жетекшілерінің өз жұмысшыларына ортақ қорға ақша аударудың маңыздылығын талқылауда. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі елімізде жайдан-жай енгізілген жоқ. Біріншіден бұл әлемдік тәжірибе, екіншіден отандық медицина өзге озық елдердікіне қарағанда кенжелеп дамуда. Бұл бірінше кезекте қаржы тапшылығына байланысты.
Олег Завьялов – қалалық мәслихат депутаты, облыстық балалар ауруханасының бас дәрігері:
– Жасыратыны жоқ, елімізде денсаулық сақтау жүйесіне қаржы жетіспей жатыр. Медициналық сақтандыру жүйесі енгізілген Европаның Германия, Франция сынды елдерде ішкі жалпы өнімнің 8-10 пайызы денсаулық сақтауға жұмсалады. Көршілес Ресейде 5 пайыздың маңайында. Ал біздің елімізде 3-3,5 ғана. Яғни, қаржы тапшылығы айтарлықтай сезіледі. Бірақ, соның өзінде соңғы 10-20 жылдың ішінде біздің медицинамыз алға басты. Өңірімздің өзін алатын болсақ, көптеген тың қондырғылар сатып алынды.
Айта кетерлік жәйт, егерде жұмыс беруші өз қызметкеріне ақша аудармаса онда оған әкімшілік жаза қарастырылған. Ал медициналық көмекке жүгінген азамат үш ай ішінде оны ала алады. Жалпы ұйым жетекшісі ортақ қорға өз жұмысшысы үшін жалақының 1 пайызын аударып отыруға міндетті.
Ұлбасым Қажахметова – №1 қалалық емхананың бас дәрігерінің орынбасары
– Қорға аударылған ақшаны ресми сайттан және кез-келген медициналық ұйымдардан білуге болады. Онда төлеушілердің тізімі жазылады. Жалпы жарна төлеу әр мекеменің есепшілері арқылы жүреді. Жеке кәсіпкерлер екінші деңгейлі банктер арқылы, ал ауылдағылар қазпоштаның бөлімшелері арқылы төлейді.
Бүгінгі басқосуда “Нұр Отан” партиясының бастауыш партия ұйымдарының жетекшілеріне үгіт-насихат тобының мүшелері міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін егжей-тегжейлі түсіндіріп берді. Түрлі сұрақтар қойылып, оларға да тұшымды жауаптар берілді.
Кеңес Мұқышев – “Нұр Отан” партиясы Петропавл қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары
– Ертеңгі уақытта осы бағдарлама жайында көп сұрақтар туындайтыны сөзсіз. Сол себепті біз осындай шараларды қолға алып отырмыз. Қазір қалада 52 бастауыш партия ұйымы бар.
Жалпы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі екі қызметтік пакет ұсынады. Оны ел тұрғындары тек келер жылдан бастап қолдана алады.
Риат Шони