МТРА жаңалықтары

Теріскейлік жас бишілер Ресейдегі халықаралық байқауда қалың көпшілікті таңдай қақтырды

Ирина Сахарчук – “Движение” хореографиялық миниатюралар халық ансамблінің көркемдік жетекшісі:

– Ғаламшар болашағы” байқауына 3 жас ерекшелігі бойынша қатыстық. Барлық топтарымыз жеңіс тұғырынан көрінді. Сөйтіп, жалпыкомандалық есепте гран-при иегері атандық. Сайысқа Қазақстан, Ресей, Якутия, Башқұрстан елдерінің өнер ұжымдары қатысты. Бәсеке өте мықты болды. Балалар жоғары дәрежедегі байқауға қатысып, тәжірибе алмасып келді.

Жалпы ансамбль қатарында 4 пен 15 жас аралығындағы 100-ге жуық балғын өнер көрсетуде. Солардың бірі 13 жасар Карина Селиверстова. Жерлесіміздің бимен айналысып жүргеніне 4 жыл болыпты. Осы уақыт ішінде Карина алғаш рет халықаралық дәрежедегі байқауға қатысқан.

Карина Селиверстова – “Движение” хореографиялық миниатюралар халық ансамблінің мүшесі:

– Мені ата-анам ансамбль қатарына ертіп әкелген бетте маған ұнамаған еді. Алайда, бір ай ішінде бимен шұғылдануды жаныма жақын тарттым. Қазір хореография менің өмірімнің ажырамас бір бөлшегіне айналды. Сайысқа ұзақ дайындалғандықтан, жеңіске жететінімізге сенімді едім. Бұған қарамастан сахнаға шығар алдында бойымда қобалжу сезімі болды. Алдағы уақытта да осындай шыңдарды бағындырамыз деген ойдамын.

Өнер ұжымының болашаққа деген жоспары көп. Мәселен, келесі жылдың қаңтар айында олар дәл осы байқаудың жалғасына Санкт-Петербург қаласына бармақ ниетте. Қазір аталмыш конкурсқа қызу дайындық басталып кеткен.

 

Эльмира Садвокасова