МТРА жаңалықтары

Ашылғалы бері ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесін 400 мың шетелдік саяхатшы аралап көрген

Мұны конгресс орталығында өткен “Туризм және Болашақ энергиясы” UNWTO Халықаралық конференциясында “Астана ЭКСПО-2017” ұлттық компаниясының төрағасы Ахметжан Есімов мәлімдеді. Оның айтуынша елорда төрінде өтіп жатқан ауқымды шара еліміздегі туризм саласын дамытуға зор септігін тигізеді. Себебі, көрмені тамашалаушылардың саны күннен-күнге артып келеді.

Ахметжан Есімов – “Астана ЭКСПО-2017″ ҰК” АҚ Басқарма төрағасы:

– ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесінде 46 мемлекеттен келген еріктілер жұмыс істеуде. Сонымен қатар, халықаралық дәрежеде үгіт-насихат жүргізу бойынша ілкімді істер атқарылды. Нәтижесінде бүгінгі күнге дейін 1,5 млрд адам қамтылды. Ал көрме аяқталғанға дейін бұл көрсеткіш 2,5 млрд-қа дейін жетеді. ЭКСПО жайлы жарнама әлемнің танымал телеарналарында жүріп жатыр. Бұдан бөлек, Google компаниясымен стратегиялық әріптестік орнатылуда.

Конференцияға халықаралық және отандық үкіметтік емес ұйымдар, туристік агенттіктердің өкілдері қатысуда. Олар туризм саласындағы тың келешектер мен инновациялық шешімдерді іздеп, зерттемек. Аталмыш сала уақыт өткен сайын дамуда. 2030 жылға қарай халықаралық туристер саны 1,8 млрд-қа жетеді деген болжам бар. Бұл жайында кездесуге қатысқан Дүниежүзілік туристік ұйымның бас хатшысы Талеб Рифаи мәлімдеді. Құрметті мейман ЭКСПО арқылы біздің де елімізде туризм дамитынына сенімді.

Талеб Рифаи – Дүниежүзілік туристік ұйымның бас хатшысы:

– ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылыған көрмесі бұл түрлі шешімдерді анықтау мен талқылауға арналған оңтайлы алаң. Оның арқасында туристік сектор болашақ энергиясын пайдалана алады. ЭКСПО-2017 көрмесін өткізу Қазақстанды Дүниежүзілік туристік картаның ортасына дәл қояды.

Айта кету қажет, туризмді дамытуда БАҚ өкілдерінің де алар орны бар. Алғашқы аптада ЭКСПО көремесі жайлы ақпарат құралдарында үш мың материал жарияланыпты. Оның 700-ден астамы шетелдік басылымдардарда жарық көрген. Атағы әлемге әйгілі “New York Times” пен “Хафингтон Пост” басылымдарында елімізде өтіп жатқан “ЭКСПО 2017” халықаралық көрмесі жайлы кеңінен жазылған. Басылымдар еліміздегі ауқымды шара барып көруге тұрарлық деп есептейді.

 

Риат Шони