МТРА жаңалықтары

ЭКСПО-2017 аясында елордада ХІV Еуразиялық медиа форумы өтті

Мәселен, алғашқы жұмыс аптасында көрмеге 205 561 адам келді. Жалпы көрмеде 281 мәдени-сауықтыру және іскерлік шара өткізілген. Бүгін мұнда Ұлыбритания мен Солтүстік Ирландияның ұлттық күні. Оны басқаруға британдық корольдік отбасының мүшесі, Глостерлік герцог, ханзада Ричард арнайы келді. Корольдік өкілдігі әлемнің ең жасампаз мемлекеттерінің бірі ретінде көрме қонақтарын таңқалдырып, қызықты жобаларымызбен қуантамыз деп отыр. Сонымен қатар, бүгін “Туризм болашақ энергиясы” атты халықаралық конференция басталды. Ал маусымның 24 күні елордада ХІV Еуразиялық медиа форум аяқталды.

Үш күнге жалғасқан басқосуға мыңға жуық мейман қатысты. Шетелден 320 делегат пен 90 бұқаралық ақпарат құралының өкілі келіп, шараның өту барысы жайында мәліметтер таратты. Кездесуде қатысушылар “Болашақ энергиясы: жасыл экономика”, “Азиялық экономикалық ғаламат”, “Сирия дағдарысы”, “Цифрлы революция” сынды тақырыпта пікір алмасты. Жиынның ашылу салтанатында Еуразиялық медиа форум Ұйымдастыру комитетінің төрайымы Дариға Назарбаева сөз сөйледі.

Дариға Назарбаева – ЕМФ Ұйымдастыру комитетінің төрайымы:

– Ақпараттық коммуникациялық технологиялардың қарқынды дамуы қалыптасып қалған қағидаларға басқаша көзқараспен қарауды талап етеді. Олар заманауи адамның ойлау қабілетін қалыптастырады, кедергілерді жойып, әлемді мөлдір, бұнымен қоса осал қылады. Цифрлы революция мен жаппай ақпараттандыру нені көздейді? Адам өмірі қалай өзгереді? Және ол қоғамға пайдасын тигізеді ме, жоқ әлде қайғы-қасірет әкеледі ме? Біз бәсекеге қабілетті, қиындыққа төзімді ұрпақты тәрбиелеуіміз қажет.

 

Риат Шони