Құқық қорғау органдары

Қазақстан полициясына 25 жыл

Айдарбек Сапаров – СҚО әкімінің бірінші орынбасары:

– Қоғамдық тәртіпті қадағалауда полицейлердің алар орны зор. Сіздер, халыққа қалтқысыз қызмет етіп, аянбай тер төгіп жүрсіздер.

Бұл күні еңбегімен ерекшеленген қызметкерлерге өңір жетекшісінің Құрмет грамотасын табыс етілді. Сонымен қатар, ішкі істер органдарының ардагерлерін алғыс хатпен марапаттады. Бүгінде өңірде 3 мыңға жуық полицей қызмет етеді. Тәртіп сақшыларының жүйелі жұмысының арқасында қылмыстарды ашу көрсеткіші 100 пайызға жетіп, ұрлық фактілері 24 пайызға кеміген. Салтанатты жиында өңір полицейлерін кәсіби мерекелерімен облыстық ІІД бастығы Берік Біләлов құттықтады.

Берік Біләлов – СҚО ІІД бастығы:

– Ширек ғасыр ішінде айтулы жетістіктерге жеттік. Ағымдағы жылдың 5 айының қорытындысы бойынша өңірде жасалатын барлық қылмыс 30 пайызға төмендеді. Аса ауыр құқықбұзушылықты әшкере ету көрсеткіші 90 пайызға жетті. Өткен жылдарда жасалған 363 қылмыстың беті ашылды. Бұл сіздердің еңбектеріңіз.

Бұдан соң өңірдің бас полицейі шен таққан офицерлерге ведомстволық наградаларды табыстауға кірісті. Бірқатары “Қазақстан полициясына – 25 жыл” төсбелгісін иеленсе, тағы бірі мерзімінен бұрын шен алды. Бүгін криминалдық полиция басқармасының бастығы Петр Климов полковник атанды. Қошеметке бөленгендердің арасында Бірлік Марал да бар. Облыстық ІІД жеке құрам инспекциясының бастығы бүгінгі жиында ІІМ-нің Құрмет грамотасын алды.

Бірлік Марал – СҚО ІІД жеке құрам инспекциясының бастығы:

– ІІО-да қызмет етіп жүргеніме биыл 10 жыл. Бүгін марапатқа ие болдым. Қуаныштымын.

Өңіріміз көршілес Ресейдің үш бірдей облысымен шекаралас. Түмен, Омбы және Қорған аймақтарының тәртіп сақшыларымен полицейлеріміз етене араласып, жақсы әріптестік орнатқан. Бүгін өздерінің қызметтестерін айтулы мерекемен құттықтауға көрші елдің өкілдері де келіпті.

Юрий Алтынов – Түмен облысы бойынша ІІМ басқармасының бастығы, РФ:

– Құрметті әріптестер, сіздерді төл мерекелеріңізбен құттықтаймыз. Біз солтүстікқазақстандық полицейлермен жақсы қарым-қатынастамыз. Бірігіп түрлі қылмыстардың бетін ашқанбыз. Түмен өңірінде қазақ диаспорасы бар. Тіпті, ішкі істер органдарында 250 қазақ қызмет етеді. Оның көпшілігі басқарушы лауазымда. Міне, сол жандардың және өз атымнан сіздерді мейраммен құттықтаймын.

Жалпы салтанатты жиында 100 астам полиция қызметкері марапатқа ие болды. Шара соңында ІІД-нің шығармашылық ұжымы концерттік бағдарлама ұсынды. Тағы бүгінгі мерекеде көршілес Ресей елінің танымал “На-На” тобы ән шырқап, көтеріңкі көңіл күй сыйлады.

 

Риат Шони