Тарихта мәңгі өшпес із қалдырған датаға орай солтүстікқазақстандық ардагерлер мен тыл еңбеккерлері “Жеңіс саябағына” жиылды. Олар “Жеңіс стелласына” гүл шоқтарын қойып, майдан даласында қаза тапқан жауынгерлерді еске алды. Тағы, бір топ жерлесіміз осы жерде белсенді жастар ұйымдастырған фото көрмені де тамашалады. Суреттердің көпшілігі отты жылдардан сыр шертеді. Туындыларда Брест қамалы мен Сталинград қаласындағы шайқас бейнеленген. Сол кездегі халықтың қиын тұрмысы көрсетілген. Бұл дүниелердің барлығын жиналғандар терең күрсіне жүріп қарады. Жалпы, бүгінгі таңда Петропавлда ҰОС қатысқан көзі тірі 96 ардагер тұрады.
Анатолий Гершунов – ҰОС ардагері:
– 22-ші маусым мәңгі есімізде қалады. Бұл күн біздің өмірімізді түпкілікті өзгертті. Әрбіріміз қолымызға қару алып, елімізді қорғауға тура келді. Майдан даласында қаншама жас қаза тапты. Соғыстың азабын миллиондаған тұрғын тартты. Соғыстың салған ізі өшпесі анық.
Степан Башкиров – ҰОС ардагері:
– Суреттерде Брест қамалы көрсетілген екен. Ол қалада біздің әскер немістерден қорғанды. Талай қиын күндерді бастан өткерді. Қарсыластарымыз жау жүрек жауынгерлерімізді жеңу үшін отшашқышпен атқылаған болатын. Күшті қызудан тіпті металдың өзі балқыды. Бұның бәрі тарих. Енді, мұндай соғыс мүлде болмасын.
Култанов Байболат