МТРА жаңалықтары

Жерлестеріміз EXPO-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесінен алған әсерлерімен бөлісті

Қазір дүниежүзі тәуелсіз мемлекетімізді ерекше қырынан танып-біліп жатқандығы сөзсіз. Шараның тақырыбы «Болашақ энергиясы» екендігін тағы бір еске салайық. Осы алқалы жиынға жер жаһанның 115 елі мен 22 халықаралық ұйым өкілдері қатысуда. Олар баламалы көздерден қуат алу мәселесін қарастырмақ. Яғни, заманауи технологияларын халық назарына ұсынады. Өзге елдердің ғалымдарымен тәжірбие алмасып, күн, жел, су мен жердің энергиясын тиімді пайдалану жайын сөз қылмақ. Көрменің ашылу салтанатына 10 адамнан құралған теріскейлік делегация да қатысып қайтты. Тарихи сәт топ құрамында болған СҚО Мәслихатының хатшысы Владимир Бубенконің мәңгі есінде қалмақ. Жерлесіміз әлем алдында әнұранымыз ойналып, көк туымыз ортаға шығарылғанда кеудемде мақтаныш сезімі орнады дейді. Ең бастысы, азамат келешекте бұл шара дамудың даңғыл жолына түскен Қазақстан үшін мол септігін тигізеріне кәміл сенеді.

Владимир Бубенко – СҚО мәслихатының хатшысы:

 


–  EXPO-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесі арқылы елімізге мол инвестиция тартуға мүмкіндік туып отыр. Ірі жобалар жүзеге аспақ. Осы арқылы мемлекет пен инноваторлар арасында әріптестік орнайды. Тағы, бір айта кететін жайт. Бұл шарадан соң барлық нысандар ел игілігіне тапсырылмақ. Яғни, жастарға ғылым мен білімнің тереңіне үңілуге жақсы мүмкіндік туады. Өзімді “Нұр әлем” сферасы таң қалдырды. Ондағы қазақстандық өнертапқыштардың дүниелері ерекше. Алдағы уақытта біз осы туындыларды игеріп, баламалы көздерден қуат алуымыз қажет.

Байболат Бектемірұлы