Саят Ермек, тілші:
– Бүгін жастар сарайының залы өнерсүйер қала тұрғындарына лық толы. Қолы алтын шеберлердің бұйымдары қойылған көрме, суреттер, ақпарат тақталары, кітап көрмесі және үлкен гала концерт- осының бәрі Ақжар ауданының Петропавл қаласындағы мәдениет күндері.
Екі күнге созылған бұл шара келіп көрем деушілердің бәріне есігін айқара ашты. Аудан тынысы, тарихы, мәдениеті және тұрмысы жайлы сыр шертетін мәдениет күндеріне ақжарлықтар жіті дайындалған.
Мағжан Жүсіпбек, Ақжар ауданының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы:
– Кеше кітапхана өз шарасын өткізді, мұрағаттың өз шарасы өтті. Бүгін аудан болып көрме қойып, улкен гала коңцерт өткізіп жатырмыхз.
Қала тұрғындары үшін ақжарлықтар ауқымды көрме ұйымдастырыпты. Ағаштан ойылған ыдыс-аяқ, ұлттық киім-кешек үлгілері, түрлі әдіспен салынған картиналар және қыш құмыралар. Көрме сөрелерінен орын алған бұл бұйымдардың көбін аудандық «Серпер» өнер мектебінің тәрбиеленушілері өз қолдарымен жасаған.
Серікбай Здуалиев, «Серпер» өнер мектебінің директоры, Ақжар ауданы:
– Мектебімізде 200 бала дәріс алады. Сапалы, жоғары санатты ұстаздарымыз бар. 6 жылда 12 түлек шығардық. Бәрі Қазақстан төңірегінде қызмет жасайды.
Ержан Мусипов аталмыш өнер мектебінде “Сурет” бөлімінде сабақ береді. Шәкірттерін қыштан ыдыс-аяқ және түрлі бұйымдар жасауға баулиды. Аудан оқушыларының аталмыш өнер түріне деген қызығушылығы зор дейді.
Ержан Мусипов, «Серпер» өнер мектебінің оқытушысы, Ақжар ауданы:
– Мектепте 17 оқушы қыш құмыралар жасау ісімен айналысады, дәріс алады. Кішігірім көрмелерге қатысып тұрамыз. Алдағы уақытта Омбы қаласында өтетін «Керамофест» семинар практикумына қатысу жоспарда.
Залда шағын кітап көрмесі де орын тепкен. Мұнда қазақ және әлем жазушыларының шығармалары қойылған.
Ауқымды шара аудандық мәдениет үйінің әртістері және өнер мектебінің тәрбиеленушілері дайындаған гала-концертпен жалғасты. Алдымен көрермен назарына аудан жайлы шағын бейнефильм ұсынылды. Кейін өнерпаздар әуелете ән шырқап, мың бұрала би биледі.
Көрермендер қауымы ақжарлық әртістердің өнеріне тәнті болды.
Саят Ермек