Нысанды бизнесмен өз қаржысына ашқан. Құны – 7 млн теңге. Клиенттердің саны артқандықтан ғимаратты кеңейту қажет болып, кәсіпкерлік басшысы Самал Сақанова Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорынан несие алған. Бұнда қазір 3 жұмысшы еңбек етеді.
Самал Сақанова – “Сақанов” ЖК директоры, Қызылжар ауданы:
– Біз бір жыл бұрын Ауыл шаруашылығын қолдау қорына жүгініп, 6 пайыздық үстемеақымен 3 млн теңге несие алдық. Ақшаға ғимаратты кеңейтіп, қосымша қондырғылар алдық. Үстелдің санын көбейтіп жатырмыз. Өйткені, келушілердің саны артты. Қосымша жаңа жұмыс орнын ашуды жоспарлап отырмыз.
Асханада күнделікті балғын тағам. Үйдегі секілді барлығы табиғи. Бұндағы ас мәзірі келушілердің де көңілінен шығады.
Альбина Сәрсекеева:
– Мен мұнда бірінші рет келіп тұрмын. Тамақтары өте дәмді. Барлығы санитарлық талаптарға сай. Таза. Бағалары да қалтаны қақпайды.
Ал, мына жылқылар Нұрлан Әбішевтікі. Ата-кәсіпті қолға алған бизнесмен ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры арқылы былтырғы күзде 5 жылға 3 млн теңге несие рәсімдеген. Бұл қаржыға 10 бас жылқы сатып алып, қазір малдың басын 12-ге жеткізген. Оның сегізін семіртуге қойыпты. Тағы бие сауып, қымызын да саудаламақ.
Жалпы Қызылжар ауданы бойынша биылғы жылы “Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлік” бағдарламасы арқылы 6 жоба мақұлданып, 34 млн 800 мың теңге көлемінде несие берілген.
Дмитрий Шледевиц – “Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры” АҚ СҚОФ несие бөлімінің басшысы:
– Биылғы жылы біз 1 млрд 15 млн 200 мың теңге несие беруді жоспарлап отырмыз. Әзірге, 58 жоба мақұлданып, 214 млн 100 мың теңге бердік. Заем берудің тәртібі келесідей: мал шаруашылығына 6 млн теңге көлеміндегі несие – 78 айға, өсімдік шаруашылығы бойынша 12 айға рәсімделеді. Тағы ауыл шаруашылығы кооперативі мен түрлі бизнесті дамытуға да мүмкіндік бар. Оған 18 млн теңге көлеміндегі несие 60 айға беріледі.
Айта кету керек, бүгінде Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры арқылы несие алу көрсеткіші бойынша Айыртау, М.Жұмабаев, Қызылжар және де Аққайың аудандарының бизнесмендері белсенділік танытуда.
Риат Шони